Malim.kz
Спорт

Атырау университеті Ақтауда өткен халықаралық студенттік ойындарда жеңіске жетті

• Алуа Әшірбекова
Фото: www.gov.kz

2026 жылғы 5–9 қазан аралығында Ақтау қаласында Yessenov University базасында VIII халықаралық студенттік «Caspian Games – 2026» ойындары өтті. Ауқымды спорттық дода Қазақстан мен шетел мемлекеттерінің студент жастарын бір алаңға тоғыстырды, деп хабарлайды Malim.kz. 

Халықаралық спорттық іс-шара Каспий маңы елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, студенттік спортты дамытуға, сондай-ақ жастар арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын кеңейтуге бағытталды.

Жарысқа Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан университеттерінің студенттері қатысты.

«Caspian Games – 2026» ойындарының басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық және студенттік спортты дамыту, түрлі елдердің жастары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту, сондай-ақ спорттық, мәдени және академиялық ықпалдастыққа қолайлы орта қалыптастыру.

«Каспий ойындарының» тарихы 2000 жылдан бастау алады. Осы уақыт ішінде Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығының қызметі аясында ұйымдастырылатын студенттік спорт ойындары мемлекеттер арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтып, ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды халықаралық дәстүрге айналды.

Бұған дейінгі VII «Каспий ойындары» универсиадасы 2024 жылы Астрахань қаласында өтті. Аталған дода Каспий маңы мемлекеттерінің студенттерін, оқытушыларын және академиялық қауымдастық өкілдерін біріктірді. Жарыстар достық, өзара құрмет және жоғары спорттық нәтижелерге ұмтылу рухында ұйымдастырылды. Қатысушылар спорттың түрлі түрлерінен бақ сынап қана қоймай, қабылдаушы елдің мәдениетімен танысып, достық және кәсіби байланыстар орнатты, бірлескен білім беру және ғылыми бастамалардың келешегін талқылады.

Осы игі дәстүрді Ақтау қаласында өткен VIII халықаралық студенттік «Caspian Games – 2026» ойындары жалғастырды. Қаланың спорт алаңдарында бас қосқан жас спортшылар жоғары дайындықтарын, командалық бірліктерін, табандылықтары мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті.

Халықаралық студенттік ойындар жастар ынтымақтастығын дамытуда ерекше маңызға ие. Спорттық бәсекелер қатысушыларға өз қабілеттерін танытып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, мәдениетаралық диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға, әділ бәсекелестік, өзара құрмет пен командалық бірлік қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.

Бес күнге созылған спорттық дода барысында қатысушылар спорттың 10 түрі бойынша: баскетбол, волейбол, футзал, жеңіл атлетика, жүзу, бокс, каратэ-до, самбо, шахмат және киберспорттан бақ сынады.

Ақтау қаласының спорт алаңдарында тартысты кездесулер мен қызықты бәсекелер өтіп, қатысушылар жоғары дайындықтарын, спорттық шеберліктерін, табандылықтары мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті.

VIII халықаралық студенттік «Caspian Games – 2026» ойындарының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есептегі жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

I орын – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті (Қазақстан)

II орын – Астрахань мемлекеттік техникалық университеті (Ресей)

III орын – Дағыстан мемлекеттік университеті (Ресей).

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері жоғары спорттық нәтижелері үшін лайықты марапаттарға ие болды.

«Каспий ойындары – тек спорт пен медальдар ғана емес. Бұл, ең алдымен, елдеріміздің жастары арасындағы достық, өзара құрмет пен шынайы қарым-қатынас», – деді университет ректорының м.а. Е.Т.Нурмаганбет.

​​​​​​​

Халықаралық студенттік ойындардың өткізілуі Қазақстанның жастар бастамаларын қолдау, халықаралық білім беру байланыстарын кеңейту және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту алаңы ретіндегі рөлін арттыруға ықпал етеді.

Іс-шараны ұйымдастыруда Yessenov University маңызды рөл атқарып, түрлі елдерден келген дарынды студент жастардың басын қосатын орта қалыптастырды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары