Атырау облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Иғали қаза тапты. Ол 45 жаста еді, деп хабарлайды Malim.kz Ақжайыққа сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 26 мамырда болған. Ерболат Иғали жүргізушісімен бірге жұмысқа бара жатқан қызметтік автокөлік тасжолда аударылған. Апат салдарынан шенеунік оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші аман қалды.
Басылымға аудан әкімі орынбасарының қазасын Атырау облысының әкімдігі растады.
«Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Айдынғалиұлы Иғалидің кенеттен қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз», - деп хабарлады облыстық әкімдіктегілер.
Келесі айда ол 46 жасқа толатын еді. Артында бес баласы қалды.
Басылым мәліметінше, Ерболат Иғали еңбек жолын жергілікті газеттің тілшісі болып бастаған. 2023 жылғы 30 қаңтардан бастап Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.