Malim.kz
Оқиға

Атырауда бір отбасын қырып салды деп айыпталған Сәрсемәлиев ісі бойынша сот басталды

Сабина Асқарқызы
Полиция

Атырауда бірнеше адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі басталды. Іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралып жатыр. Алдын ала тыңдауды судья Зарема Хамидуллина жүргізеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс бірнеше кезеңмен жасалған. Алдымен айыпталушы жұбайының ағасы Наурыз Мұқанғалиевті өлтірген. Кейін араға бірнеше ай салып, қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны және жұбайының әпкесін өлтірген деген күдікке ілінген.

Марқұмдардың туыстары соттан әділ шешім күтетіндерін айтты.

«Біз осы күнді ұзақ күттік. Оның кінәсін мойындағанын білеміз. Ең бастысы – әділдік орнасын», – деді қаза тапқан Мақсот Мұқанғалиевтің әпкесі Әсила Мұқанғалиева.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін күдіктінің туыстары байланысқа шықпаған.

«Күдіктінің жақындары бізге келіп, кешірім сұраған жоқ», – деді ол.

Сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізілген психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев есі дұрыс деп танылды. Сондықтан ол өз әрекеттері үшін толық көлемде қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушы отбасы мүшелерін өлтіргеннен кейін олардың малын сатып, банк карталарындағы қаражатты шешіп алған. Кейін сол ақшаға шетелге кетуге әрекет жасағаны айтылады. Осыған байланысты оған адам өлтіруден бөлек, ұрлық және алаяқтық баптары бойынша да айып тағылған.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Сәрсемәлиев өз кінәсін толық мойындаған. Егер сот оны кінәлі деп таныса, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Еске салсақ, Атырау облысының Жангелдин ауылында тұратын Қарабалиндер отбасы 2025 жылдың желтоқсанында із-түзсіз жоғалып кеткен. Кейін ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның денелері өз үйінің ауласындағы шаруашылық құрылысының астынан табылды.

Кейін күдікті ретінде отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев анықталып, ол жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге халықаралық іздеуге жарияланған. Екеуі Индонезияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Тергеу барысында Сәрсемәлиев тағы екі адамның мәйіті жасырылған орынды өзі көрсеткен.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары