Malim.kz
Оқиға

Атырауда қоқыс арасынан науқастардың деректері табылды

Айбын Атабай
Ақ жайық

Атыраудың Бірлік шағынауданынан құжаттар мен тіркеу формалары салынған көптеген папка табылды. Онда пациенттер туралы мәліметтер болуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, папкалар құрылыс және тұрмыстық қоқыстардың арасында жатқан. Кейбір файлдардың бетінде:
«Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің есебіндегі амбулаторлық ем қабылдап жүрген науқастардың құжаттары» деген жазу бар.

Яғни бұл облыстық туберкулезге қарсы диспансерде есепте тұрған және амбулаторлық ем алып жүрген науқастардың құжаттары дегенді білдіреді.

Қаптамаларында сондай-ақ істердің нөмірлері мен сақтау мерзімдері көрсетілген. Мұндай құжаттарда жеке және құпия деректер болуы мүмкін. Ережеге сәйкес, мұндай мәліметтер арнайы тәртіппен сақталып, жойылуы тиіс.

Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы табылған папкалардың өңірдегі медициналық ұйымдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ұсынылған құжаттардағы деректемелерге сәйкес, олар қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне тиесілі.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары