Malim.kz
Спорт

Australian Open: Қазақстандық теннисші Александр Бублик алғаш рет 1/8 финалға шықты

Арман Қайыпхан
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Австралияның ашық чемпионатында (Australian Open) алғаш рет 1/8 финалға шықты, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстандық теннисшілер үшін жарыстың алтыншы ойын күні жарқын жеңіспен аяқталды. Елдің бірінші ракеткасы Александр Бублик жекелей сындағы үшінші айналымда аса тартысты кездесуде аргентиналық Томас Мартин Этчеверриді жеңді.

Көрермендерге әдемі ұпайлар мен жоғары қарқынға толы матч соңына дейін үлкен қызығушылық сыйлады. Алғашқы екі сет тай-брейкке ұласып, екеуінде де қазақстандық теннисші басым түсті — 7:4 және 7:5. Үшінші сетте Бублик ойынды сенімді бастап, бірден брейк жасап, кездесуді 6:4 есебімен жеңіспен аяқтады.

25 қаңтар күні Александр Бублик ширек финалға жолдама алу үшін турнирдің алтыншы нөмірі, жергілікті жанкүйерлердің сүйіктісі Алекс де Минормен кортқа шығады.

Сондай-ақ 23 қаңтарда Қазақстан құрамасының қыздары да сәтті өнер көрсетті. Анна Данилина жұптық сында маңызды жеңіске жетсе, Юлия Путинцева алғаш рет Australian Open турнирінің төртінші айналымына жолдама алды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары