Барлығы 1960-жылдары басталған... Хорватиялық Фране Селак әлемге "жер бетіндегі ең жолы болғыш адам" ретінде танымал. Оның басынан өткен оқиғалар кино сценарийіне ұқсайды. Алайда Селактың өзі шынайы өмір кинодан да ғажайып деп есептеген, деп жазады Malim.kz.
Бұл ерекше тағдыр жайлы NDTV басылымы еске салды.
Фране Селак 1929 жылы Хорватияда дүниеге келген. Музыка пәнінің мұғалімі болған ол ұзақ уақыт бойы қарапайым ғана өмір сүрген.
Өліммен бетпе-бет келген алғашқы жағдай 1962 жылдың қаңтарында болған еді. Ол отырған пойыз рельстен шығып кетіп, шатқалдағы өзенге құлаған. Сол апатта 17 жолаушы суға кетсе, куәгерлер Селакты жағаға шығарып үлгерген. Ол қолын сындырып, қатты тоңғанымен, аман қалды.
Бұдан кейін де ол өлімнен тағы алты рет құтылған.
Келесі жылы ол мінген ұшақ апатқа ұшырады. Алайда Селак ұшақтың есігінен ұшып шығып, шөп маясының үстіне құлаған. Бұл апатта 19 адам қаза тапқан.
1966 жылы ол отырған автобус жолдан шығып кетіп, өзенге құлады. Төрт жолаушы суға кетсе де, Селак бірнеше жарақат алып, денесі көгеріп, жағаға жеткен.
Төрт жылдан соң ол мінген көлік отқа оранды. Селак көліктен шығып үлгергеннен кейін бірнеше секундтан соң жанармай багы жарылған.
1972 жылы көліктің қозғалтқышы істен шығып, желдеткіш тесіктерінен жалын шыққан. Бұл жолы да хорват азаматы тірі қалған. 1995 жылы Загреб көшесінде оны автобус қағып кетсе де, ол жеңіл жарақаттанып ғана құтылды. Ал келесі жылы таулы жолда жүк көлігімен соқтығысудан аман қалып, қоршауға соғылған. Жүк көлігі 90 метр төменге құлап кеткенде, Селак ағашқа жармасып, тағы да тірі қалған.
2000-жылдардың ортасында тағдыр оған өтемақы бергендей болды. Фране Селак лотереядан 900 мың еуро джекпот ұтып алды. Бұл қаржыға ол сәнді үй сатып алғанымен, 2010 жылы оны сатып, қайтадан қарапайым өмірге оралды. Ол бесінші жұбайымен бірге тұрды.
Ұтқан ақшаның бір бөлігін жамбас буынына жасалған операцияға, ал бір бөлігін сәттілігі үшін алғыс ретінде Қасиетті Мария ғибадатханасына жұмсады. Қалған қаражатты туыстары мен достарына таратып берген.
Фране Селак 2016 жылдың 30 қарашасында 87 жасында өмірден өтті.