Malim.kz
MALIMet

Азаматтық-құқықтық қатынастарда әлсіз тарапты қорғау: теңдік қағаз жүзінде қалмауы тиіс

• Алуа Әшірбекова

Азаматтық-құқықтық қатынастарда тараптардың заң алдындағы теңдігі олардың мүмкіндіктері де бірдей дегенді білдірмейді. Сондықтан жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында тараптардың мүдделерін тең дәрежеде қорғауға, шарт талаптарының әділ болуына және құқықтық теңдікті іс жүзінде қамтамасыз етуге баса мән беру қажет, деп хабарлайды Malim.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерген жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу туралы бастамасы жеке құқықтың одан әрі дамуы үшін айрықша маңызға ие. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Өйткені қазіргі азаматтық заңнама құқықтық қатынасқа қатысушылардың еркіндігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың мүдделері арасындағы әділ тепе-теңдікке де кепілдік беруге тиіс.

Маңызды мәселелердің бірі – объективті себептерге байланысты азаматтық-құқықтық қатынастардың мазмұны мен талаптарына ықпал ету мүмкіндігі шектеулі тарапты қорғау.

Азаматтық айналымға қатысушылардың заң жүзіндегі теңдігі олардың іс жүзіндегі мүмкіндіктері де бірдей екенін білдіре бермейді. Тәжірибеде бір тарап шарт талаптарын өзі белгілесе, екінші тарап оларды талқылауға мүмкіндігі болмай, сол күйінде қабылдауға мәжбүр болады. Бұл әсіресе қосылу шарттарында, тұтынушыларға жаппай қызмет көрсету саласында және талаптарды мүмкіндігі басым тарап алдын ала белгілейтін өзге де қатынастарда анық байқалады.

Сонымен қатар әлсіз тарапты қорғау шарт жасасу еркіндігін негізсіз шектеуге немесе жеткілікті құқықтық негізсіз артықшылық беруге ұласпауы керек. Мұндағы басты мақсат – бір тараптың шарт жасасудағы басымдығын теріс пайдалануына жол бермейтін және қатысушылардың адал әрекет етуін қамтамасыз ететін құқықтық тетіктер қалыптастыру.

Азаматтық заңнаманы жетілдіру барысында шарт талаптарының ашық әрі түсінікті болуына, көрінеу әділетсіз талаптарды мәжбүрлеп қабылдатуға жол бермеуге ерекше назар аудару қажет деп санаймын. Сондай-ақ келіссөз жүргізу мүмкіндіктерінің тең болмауы салдарынан мүддесіне елеулі нұқсан келген тұлғаның құқығын қорғаудың тиімді жолдарын қарастырған жөн.

Кемел азаматтық заңнама шарт жасасу еркіндігін ғана емес, оның талаптарының әділ болуын да қамтамасыз етуге тиіс. Осындай ұстаным азаматтардың азаматтық-құқықтық институттарға деген сенімін нығайтып, құқықтық қатынасқа қатысушылардың теңдігін сөз жүзінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары