Malim.kz
MALIMet

Әзілкештен Нобель иегеріне дейін: 10 қазанда кімдер дүниеге келген?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

10 қазанда қазақ сахнасына танымал Тұрсынбек Қабатов, экономист Нұрлан Байбазаров және әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері Гарольд Пинтер дүниеге келген. Malim.kz тілшісі осы күні туған тұлғалар туралы мәлімет ұсынады.

Тұрсынбек Қабатов

1979 жылғы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында әзілкеш Тұрсынбек Қабатов дүниеге келген. 2026 жылы ол 47 жасқа толды.

Өнер жолын Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. Кейін Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетіп, "Аграрка сарбаздары", "Астана.kz" және "Қазақи" командалары арқылы танылды.

Жеке концерттері мен телевизиялық жобаларында күнделікті тұрмыс пен қоғамдағы түрлі жағдайларды әзілге арқау етті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болған.

Нұрлан Байбазаров

1975 жылғы 10 қазанда экономист Нұрлан Байбазаров дүниеге келген. Биыл 51 жасқа толды.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын Қаржы министрлігінде бастап, кейін Қазақстанның Даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорында басшылық қызметтер атқарған.

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингін басқарды. 2024 жылы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қызметін атқарған.

Ғалымжан Елеуов

1978 жылғы 10 қазанда Ақтөбе қаласында дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Елеуов дүниеге келген. 2026 жылы 48 жасқа толды.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында хирург мамандығын меңгерген. Алғашында емханада, кейін жедел медициналық жәрдем ауруханасында хирург болып жұмыс істеген.

Медициналық оңалту орталықтарын басқарған. VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болып, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің жұмысына қатысқан.

Гарольд Пинтер

1930 жылғы 10 қазанда Лондонда драматург, сценарист, режиссер әрі актер Гарольд Пинтер дүниеге келген. Биыл туғанына 96 жыл толды.

Ол ХХ ғасырдағы британ театрының дамуына ықпал еткен қаламгерлердің бірі саналады. Шығармаларында адамдар арасындағы түсініспеушілік, билік пен қысым, қорқыныш пен жалғыздық тақырыптарын қозғаған.

2005 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. Гарольд Пинтер 2008 жылы өмірден өтті.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары