Malim.kz
Шоу-бизнес

Ажырасса да араласатын жұлдыздар: бұрынғы жұбайларымен байланысын үзбеген өнер иелері кімдер?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Қазақ шоу-бизнесінде отбасылық өмірі сәтсіз аяқталса да, бұрынғы жұбайларымен байланысын үзбеген жұлдыздар бар. Бірі балаларының қамы үшін араласса, енді бірі ажырасқаннан кейін де бұрынғы жарына қолдау көрсетіп жүр. Malim.kz тілшісі осындай өнер иелерін тізіп шықты.

Ақбота-Нұр Сейтмағамбет пен Дәурен Айдарқұлов

Әнші әрі актриса Ақбота-Нұр Сейтмағамбет пен актер Дәурен Айдарқұлов 2016 жылы "Гламур для дур" фильмінің түсіріліміне дайындық кезінде танысқан. Кейін шаңырақ көтеріп, Ибраһим және Айша есімді екі перзент сүйді.

2020 жылы жұлдызды жұп ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Дегенмен екеуі де бір-біріне деген сыйластығын сақтап қалғанын айтты.

2023 жылы Ақбота "Хабар" арнасына берген сұхбатында бұрынғы күйеуімен балалары мен ортақ жұмысына байланысты араласатынын жеткізді.

"Иә, араласамыз. Өйткені баламыз да, жұмысымыз да ортақ. Әкесі алып кетеді, алып келеді", – деді актриса.

Ақбота бұрынғы ата-енесімен де жақсы қарым-қатынаста екенін бірнеше рет айтқан. Олар немерелеріне қарап, әншінің шығармашылығын жалғастыруына көмектеседі.

2025 жылы Дәурен Айдарқұловтың қайта үйленгені белгілі болғанда, Ақбота бұрынғы жұбайына бақыт тілеп, оның жаңа өмір бастауына қуанышты екенін жеткізді.

Мақпал Исабекова

Әнші Мақпал Исабекова 2026 жылдың наурызында журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында бір жыл бұрын ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Өнер иесінің бұрынғы жұбайынан бір ұлы мен бір қызы бар.

Әнші бастапқыда бұрынғы күйеуімен тіл табыса алмайтынын айтқан еді. Алайда 2026 жылдың маусымында онымен және қызымен бірге сауда орталығында серуендеп жүрген сәтін жариялады.

Бұл көріністен кейін оқырмандар арасында ерлі-зайыптының қайта қосылғаны туралы болжам тарады. Дегенмен Мақпал олардың балалары үшін бірге уақыт өткізетінін түсіндірді.

"Анасы мен әкесі бірге бола алмағаны үшін балалар жапа шекпеуі керек", – деді әнші.

Өнер иесі балаларының көзінше әкелері туралы жаман сөз айтпайтынын және оларды ата-анасының бірін таңдауға мәжбүрлемейтінін жеткізді.

Ерке Есмахан мен Асхат Садырбай

Танымал әнші Ерке Есмаханның алғашқы жұбайы – журналист әрі тележүргізуші Асхат Садырбай. Олардың ортақ Мүсілім есімді ұлы бар.

Екеуі ажырасқаннан кейін жеке өмірлерін бөлек жалғастырды. Дегенмен Асхат Садырбай 2018 жылы "Бақытты әйел" бағдарламасына берген сұхбатында бұрынғы жұбайымен ұлы үшін араласатынын айтқан.

"Ортамызда бала бар. Сол үшін араласамыз", – деген тележүргізуші.

Ерке Есмахан кейін әнші Raim-ға тұрмысқа шықты. Ал Асхат Садырбайдың бұрынғы жұбайымен байланысы туралы айтқан мәлімдемесі олардың ортақ перзентіне қатысты болған.

Argonya

Argonya лақап атымен танылған қазақстандық әнші 2026 жылдың қазанында берген сұхбатында әйелімен ресми түрде ажырасқанын алғаш рет ашық айтты.

Өнер иесі бұрынғы жұбайымен 17 жасында танысып, отау құрған. Екеуі алты жыл бірге тұрған. Алайда уақыт өте келе өмірге деген көзқарастарының екі бөлек екенін түсінген.

Әнші ажырасқанына қарамастан, бұрынғы жарына көмектесіп тұратынын және балаларымен жиі көрісетінін жеткізді.

"Бірақ өте жақсы қарым-қатынастамыз. Бала-шағам келіп тұрады. Бұрынғы әйеліме көмектесіп тұрамын", – деді Argonya.

Өнер иесі әкесі секілді отбасын сақтап қала алмағанына өкініш білдіргенімен, бұрынғы жұбайымен сыйластығын жоғалтпағанын айтты.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары