Қазақстандық балуан Бағдат Сабаз Астанада өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Отандасымыз шешуші белдесуде Париж Олимпиадасының жүлдегерін жеңді, деп хабарлайды Malim.kz.
27 қазанда елордада өткен әлем біріншілігінде Бағдат Сабаз 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Үшінші орын үшін өткен белдесуде қазақстандық спортшы Әзербайжан құрамасының өкілі Хасрат Джафаровпен кездесті.
Айта кетейік, Джафаров – 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Сондықтан бұл белдесу қазақстандық балуан үшін маңызды сынақтардың бірі болды.
Алайда Бағдат Сабаз тәжірибелі қарсыласынан қаймықпай, тартысты кездесуде басымдық танытты. Нәтижесінде отандасымыз 8:5 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының қола медалін еншіледі.
Бұл Қазақстан құрамасының аталған әлем біріншілігіндегі грек-рим күресінен үшінші жүлдесі болды.
Бұған дейін 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Исхар Құрбаев пен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Айдос Сұлтанғали да қола медаль жеңіп алған еді.