Malim.kz
Оқиға

Бай отбасында туғанын 60 жылдан кейін білген: перзентханадағы қателік екі баланың тағдырын өзгерткен

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Өмір бойы қарапайым тұрмыс кешіп, жүк көлігін жүргізген ер адам 60 жасында өзінің ауқатты отбасында дүниеге келгенін білген. Перзентханада оны басқа нәрестемен шатастырып, бөтен ата-анаға беріп жіберген, деп Malim.kz тілшісі Sky News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бірі күнкөріс қамымен жұмыс істеген, екіншісі компания басқарған

Қателік 1953 жылы болған. Бір перзентханада араға 13 минут салып туған екі ұлды қызметкерлер шатастырып алған.

Ауқатты отбасының баласы тұрмысы төмен шаңырақта өскен. Оны тәрбиелеген әйел күйеуі қайтыс болғаннан кейін балаларын әлеуметтік көмектің арқасында асыраған. Отбасы шағын, бір бөлмелі пәтерде тұрған.

Бала есейген соң зауытта жұмыс істеп, кешкі мектепте оқыған. Кейін жүк көлігінің жүргізушісі болған. Ал онымен ауысып кеткен ұл ауқатты отбасында білім алып, ақырында жылжымайтын мүлік компаниясын басқарған.

Шындықты бауырларының күдігі ашқан

Ауқатты отбасындағы бауырлар үлкен ағаларының өздеріне ұқсамайтынын байқап, күдіктене бастаған. Генетикалық тексеру оның бұл отбасымен биологиялық туыстығы жоқ екенін көрсеткен. Кейін іздеу барысында олардың туған ағасы табылған.

Осылайша, ондаған жыл бойы бір-бірінен бейхабар жүрген туған бауырлар танысқан. Алайда ер адам туған әке-шешесін көріп үлгермеген: шындық ашылған кезде екеуі де өмірден өтіп кеткен.

Өтемақы жоғалған жылдарды қайтара алмады

Іс сотқа жетіп, перзентханаға 38 миллион иен өтемақы төлеу міндеттелген. Бірақ ер адамның өкініші тек тұрмыстық қиындықтарға байланысты болмаған. Ол туған ата-анасымен бірге өткізбеген жылдарын қайтарғысы келетінін жеткізген.

Туған бауырларының бірі алда әлі бірге өткізетін уақыт бар екенін айтып, жоғалтқан жылдардың орнын толтыруға шақырған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары