Malim.kz
Шоу-бизнес

"Құданың асында көрдім": Баян Алагөзова бұрынғы күйеуімен кездескенін айтты

Алуа Әшірбекова
Баян Алагөзова мен Бақытбек Есентаев. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Баян Мақсатқызы журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында бұрынғы күйеуі туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол Бақытбек Есентаев туралы сұраққа жауап берді. 

"Соңғы рет оны құданың асында көрдім. Бетпе-бет келмедік, сыртынан байқадым. Құдамыз бір жыл бұрын қайтқан, бір жылдық асында болды. Оны көргенде ештеңе сезбеймін, мен жіберуді, кешіруді білемін. Қайтара алмайтын өткенді өзгертуге тырысудың қажеті жоқ. Бастапқы бес жылда бітпейтін ота жасаттым. Жаныма қатты батты, сол кезде оған реніш пен ыза болды. Отадан оянғаннан кейін қатты ашуланатын едім. Кейін түзете берудің пайдасы жоқ екенін біліп тоқтаттым", – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында жұбайы Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы әйелімен қарым-қатынасы туралы пікір білдірген еді. Продюсер арада балалар бар кезде олардың мүддесін бірінші орынға қою қажет деп санайтынын айтып, бұрынғы реніштерді артта қалдырып, татулық пен түсіністікті таңдауға дайын екенін жеткізді.

Баян Алагөзова кім?

Баян Мақсатқызы Алагөзова - қазақстандық продюсер, тележүргізуші, актриса және әнші. Ол 1974 жылғы 9 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген. Туған кездегі тегі - Мұхитденова, ал бірінші некесінде Есентаева тегін иеленген.

Баян Алагөзова өнерге жақын отбасында өскен. Әкесі Мақсат Зайлагиұлы дыбыс режиссері, анасы Гүлжамал Айдарқызы Мұхитденова актриса болған. Балалық шағының алғашқы жылдарын Оралда ата-әжесінің қолында өткізіп, кейін Алматыға қоныс аударған.

Алғашында педагогикалық училищеде білім алғанымен, кейін өнер саласын таңдап, Т. Жүргенов атындағы Театр институтын тәмамдаған. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық журналистика факультетін бітірген.

Баян Алагөзова қазақстандық шоу-бизнесте продюсер ретінде кеңінен танылды. Ол «Shine Production» және «BM Production» компанияларын құрып, бірқатар өнер жобалары мен орындаушылардың танылуына үлес қосты.

2025 жылы Баян Алагөзоваға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары