3 мамыр күні Новосібірден Бакуге бағыт алған ұшақ Қазақстан әуе кеңістігінде шұғыл түрде бағытын өзгертуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған борттағы жолаушылардың бірінің кенеттен өзін жайсыз сезінуі себеп болған. Мәліметтерге сәйкес, S7 әуе компаниясына тиесілі ұшақ Қазақстан аумағының үстімен ұшып бара жатқан кезде төтенше жағдайға байланысты Омбы қаласына бет алды.
S7 әуе компаниясының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады. Новосібір-Баку бағытындағы S7 5579 рейсі жолаушының денсаулығының күрт нашарлауына байланысты Омбыға жоспардан тыс қонуына тура келді, - деп жазылған әуе компанияның хабарламасында.
Омбы әуежайында науқас жолаушы жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Қазіргі уақытта ұшақ Бакуге қарай сапарына қайта бет алған.