Malim.kz
Құқық

Балалар үйінің тәрбиеленушілерінен ақша бопсалаған қылмыстық топ ұсталды

Айбын Атабай
ІІМ

Қарағандыда полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері прокуратурамен өзара іс-қимыл барысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған арнайы мемлекеттік төлемдерден ақша бопсалауға қатысы бар ұйымдасқан топтың заңсыз әрекетін әшкереледі.

 Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жедел іс-шаралар барысында өңірдегі балаларға арналған мекемелердің бірінің тәрбиеленушілері қылмыскерлердің құрбаны болған. Кейінгі жарты жыл ішінде күдіктілер алдау, қорқыту және физикалық күш қолдану арқылы бірнеше жәбірленушіден жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген. Оларды арнайы шоттардан ақша шешуге, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарында несие рәсімдеуге мәжбүрлеген.

– Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде күдіктілерден автоматты атыс қаруына арналған оқжатарлар және 100-ден астам оқ-дәрі тәркіленді. Аталған дерек бойынша бопсалау белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Барлық күдікті ұсталды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, - делінген хабарламада. 

Полиция ұсталған қылмыстық топтың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

 https://kaz.inform.kz/news/karagandida-balalar-uynn-tarbielenushlernen-aksha-bopsalagan-kilmistik-top-ustaldi-6964e2/

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары