Malim.kz
Шоу-бизнес

"Балаларым үшін ыстық ұя": Мөлдір Мұқан жаңа үйінің жөндеуін көрсетті

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Продюсер Мөлдір Мұқан жаңа баспанасында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарын көрсетіп, болашақ шаңырағын қалай жабдықтағысы келетінін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі үшін үйдің әдемі болғаны ғана жеткіліксіз. Ол әр бөлшегінің сапалы, күнделікті тұрмысқа қолайлы болуына мән беріп жатыр. Басты тілегі – балаларына жайлы, жылуы мол шаңырақ жасау.

"Иә, бұл менің кеңістігім. Жаңа үйімнің әр бөлшегіне назар аударып, үлкен ықыласпен жасалып жатқан жөндеу жұмыстарының бүгінгі күйін көрсеткім келіп тұр. Бұл расымен жай ғана жөндеу емес, біраз жылдарға сапалы әрі жайлы жағдай, балаларым үшін ыстық ұя болса екен деген ниетпен жасалып жатқан еңбек", – деп жазды Мөлдір Мұқан.

Продюсердің айтуынша, үйдің интерьер жобасы алдын ала дайындалған. Қазір жөндеу сол жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Ол алдағы уақытта баспанасының қалай өзгеріп жатқанын оқырмандарына апта сайын көрсетіп отыруы мүмкін екенін жеткізді.

Мөлдір Мұқан жаңа үйіндегі жайлылықты асыға күтіп жүргенін айтып, осы жұмыста жанынан табылған адамдарға алғыс білдірді. Сондай-ақ оқырмандарына да армандаған баспанасына қол жеткізуді тіледі.

"Армандаған үйлеріңіз, сіз ойлағаннан да жайлы болсын, достар. Жанымнан табылған жақсы адамдарым, рақмет. Жаңа үйімдегі жайлылықты асыға күтудемін", – деп жазды продюсер.

Бұған дейін Мөлдір Мұқанның Астананың орталығынан жаңа пәтер алғаны туралы жазған едік. Сол кезде ол баспаналы болу өзіне қорғаныш пен сенімділік сезімін сыйлағанын айтқан.

Мөлдір Мұқан кім?

Мөлдір Мұқан, тегі Мұқанова – қазақстандық продюсер, әнші, актриса және кәсіпкер. Көпшілікке әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы ретінде де таныс. Екеуінің ортақ бес баласы бар.

Негізгі мамандығы – экономист. Өзінің айтуынша, жоғары оқу орнын үздік аяқтап, мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Кейін балаларға арналған "ММ" өнер мектебін ашып, шығармашылық бағыттағы кәсіпке бет бұрған.

Өнерге бала кезінен жақын болған Мөлдір бауырларымен бірге "Мұқановтар" отбасылық ансамблінде өнер көрсеткен. Баян, домбыра және фортепианода ойнайды. Кейін продюсерлікпен айналысып, әнші әрі домбырашы Ақтоты Болышевамен жұмыс істеген.

Ол кино саласында да бағын сынап, 2025 жылы "Шәй в большом городе" фильмінің продюсері болған. Әлеуметтік желідегі парақшасында шығармашылығы, бала тәрбиесі және өміріндегі жаңалықтар туралы бөлісіп отырады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары