Malim.kz
Оқиға

"Балаларыңыз шетінеп кетті": егіз қыздар 19 жылдан кейін TikTok арқылы табысқан

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

Бір-бірінің бар екенін білмей өскен егіз қыздар әлеуметтік желідегі видеоның арқасында табысқан. Кейін оларды туған анасынан ажыратып, екі бөлек отбасына сатып жібергені анықталған. Ал анасына сәбилерінің шетінеп кеткенін айтқан, деп хабарлайды Malim.kz.

Эми мен Ано 2002 жылы дүниеге келген. Алайда екеуі екі отбасында тәрбиеленіп, егіз сыңары барын білмеген. Оларды асырап алған ата-аналары да қыздардың егіз екенін естімеген.

Алғашқы сәйкестік қыздар 12 жаста болғанда байқалған. Эми теледидардан таланттар байқауын көріп отырып, өзінен айнымайтын қатысушыны көреді. Бірақ сол кезде бұл ұқсастықтың себебі ашылмай қалған.

Арада жеті жыл өткенде Аноға танысы TikTok-тағы бір видеоны жібереді. Кадрдағы көк шашты қыз өзіне қатты ұқсайтын. Ол Эми болып шығады.

Осыдан кейін қыздар бір-бірімен байланысып, кездесуге келіседі. Бетпе-бет жүздескенде екеуі де айнаға қарағандай күй кешкен.

Анасына балаларының қайтыс болғанын айтқан

Өткенін білуге тырысқан егіздер туыстарын іздейтін әлеуметтік желідегі топқа жүгінеді. Сол арқылы туған анасына қатысты дерек табылып, ДНҚ сараптамасы туыстық байланысты растаған.

Анасының айтуынша, ол босанғаннан кейін ауыр халге түсіп, комада жатқан. Есін жиған кезде медицина қызметкерлері екі сәбиінің де шетінеп кеткенін хабарлаған.

Жылдар бойы бір-бірінен хабарсыз жүрген ана мен қыздары ақыры қайта қауышқан. Олардың оқиғасы 2024 жылы жарияланған деректі фильмге де арқау болды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары