Әбілмансұр Серіков әкесі, танымал актер Әбунасыр Серіковтің оны өнер жолына әдейі араластырмағанын айтып, балалық шағындағы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Актердің айтуынша, әкесі ұлының өмірде де, өнерде де ешкімге арқа сүйемей, өз еңбегімен жетістікке жеткенін қалаған. Сол себепті оған арнайы қолдау көрсетпей, керісінше өз жолын өзі табуына мүмкіндік берген.
Әбілмансұрдың сөзінше, бала күнінде әкесінің оны көпшілікке "балам" емес, "інім" деп таныстырғанына ренжіген кездері де болған.
Соған қарамастан, бүгінде ол әкесінің сол кездегі қатал ұстанымының пайдасын түсінетінін айтады. Оның пікірінше, дәл осы тәрбие өз бетінше еңбек етуге үйретіп, қазіргі жетістіктеріне жетуіне ықпал еткен.
Әбілмансұр Серіков кім?
Әбілмансұр Серіков - қазақстандық театр және кино актері. Ол 1991 жылы 7 желтоқсанда Алматыда дүниеге келген. Әкесі - танымал актер әрі әзілкеш Әбунасыр Серіков, анасы - актриса Лиза Серикова.
Әбілмансұр Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр факультетін тәмамдаған. Ол "5:32", "Дос-Мұқасан" секілді танымал жобаларға түскен. 2020 жылы ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды.