Мессенджерлерде «жүрегі әлсіздер қарамасын» деп жазылған жас баланың ұрып-соғылғаны көрсетілген бейнежазба таралып жатыр. Оқиға Панфилов ауданының Жаркент қаласында болған.
Жетісу облыстық полиция департаменті дереу тексеру басталғанын хабарлады.
- Панфилов аудандық полиция қызметкерлері Жаркент қаласындағы WhatsApp топтарында таралған бейнежазба фактісі бойынша тексеру жүргізді. 28 жастағы әйелдің кішкентай баласына дене жарақаттарын салғаны анықталды, - деп хабарлады полиция.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті полиция бөлімшесіне жеткізілді, онымен тергеу амалдары өткізіліп жатыр, содан кейін ол уақытша ұстау абақтысына қамалды.
- Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында екі бала Отбасын қолдау орталығына уақытша орналастырылды. Ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастыру үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына ұсыныс жіберіледі, - деп қосты ведомство.
Атап өтілгендей, тергеу барысын Жетісу облыстық полиция департаментінің басшылығы жеке бақылауына алған. Тергеу қорытындылары бойынша кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.
- Зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Балалардың жағдайы тұрақты, оларға психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Балалардың құқықтары жөніндегі аймақтық өкіл жайдайды бақылауына алған, - деп атап өтті ҚР Білім министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті.
Айта кетейік, кеше әлеуметтік желіде Жетісу облысының тұрғыны баласын жылу батареясына байлап қойып ұрып жатқаны тарады. Бұл туралы желі қолданушылары Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваға жүгінген болатын.