Malim.kz
MALIMet

Балкон терезесі әрең ашыла ма: Алдымен мына жерін тазалап көріңіз

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Балконның жылжымалы терезесі ауыр қозғала бастаса, оның төменгі жолағына шаң мен құм жиналуы мүмкін. Мұндайда бірден май жағуға асықпай, алдымен қоқысын тазалаған жөн, деп Malim.kz тілшісі терезе өндіруші Pella компаниясының күтім жөніндегі нұсқаулығына сілтеме жасап хабарлайды.

Балкон жинағанда әйнекті сүртіп, еденді жуамыз да, терезе сырғитын жіңішке ойықтарды ұмытып кетеміз. Ал тазалауды дәл сол жердегі құрғақ қоқысты алудан бастаған дұрыс.

Қандай заттар қажет?

Шаңсорғыш, жұмсақ шағын щетка, микрофибра шүберек, жылы су және аздап ыдыс жуатын сұйықтық жеткілікті.

Алдымен шаңын алыңыз

Терезені ашып, қол жететін ойықтардағы құм мен қоқысты шаңсорғыштың жіңішке ұштығымен жинаңыз. Бұрыштағы шаңды жұмсақ щеткамен босатуға болады.

Бірден су құймаңыз: құрғақ қоқысты алдын ала жинасаңыз, кейін сүрту жеңілдейді.

Содан кейін ғана сүртіңіз

Жылы суға аздап ыдыс жуатын сұйықтық қосыңыз. Шүберекті ерітіндіге малып, жақсылап сығып, жақтау мен төменгі жолақты тазалаңыз. Артынша таза дымқыл шүберекпен сабын қалдығын алып, құрғатып сүртіңіз.

Қырып тазалауға болмайды

Қатып қалған кірді пышақпен немесе темір затпен қырмаңыз. Қатты абразив пен күшті еріткіштер бетін бүлдіруі мүмкін.

Тазалағаннан кейін де терезе кептелсе, күшпен итермеңіз: мәселе ролигінде немесе реттеу тетігінде болуы ықтимал. Мұндайда шеберге көрсеткен дұрыс.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары