Malim.kz
Құқық

Бан карталарын заңсыз қолдану. Сұлтан Сәрсемалиевке жаңа айыптар тағылуы мүмкін

Айбын Атабай
видеодан скриншот

Тергеушілер марқұмдардың банктік карталары мен жеке құжаттарына қатысты деректерді, сондай-ақ отбасына тиесілі малды сату жағдайларын тексеріп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz «Ақ Жайық» басылымына cілтеп. 

Дереккөздің хабарлауынша, бұл фактілер істің саралануына әсер етуі мүмкін.

«Ақ Жайық» басылымына мәлім болғандай, қылмыстық істі тергеу аясында қосымша эпизодтар мен айыптау баптарының пайда болу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Ұсталғандарды Индонезиядан экстрадициялау кезіндегі кадрлардан Сұлтан Сәрсемалиевпен бірге қазақстандық құқық қорғау органдарына марқұмдардың жеке құжаттары мен банктік карталары да тапсырылғаны көрінеді. Бейнежазбаға сәйкес, Индонезия тарапы бес жеке куәлікті тапсырған: Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Наурыз Мұқанғалиев, Мейрамгүл Қарабалина, сондай-ақ Сұлтан Сәрсемалиевтің өз құжаты.

Бұдан бөлек, кадрлардан бірнеше банктік картаны көруге болады. Олардың арасында төрт Kaspi Gold картасы және зейнетақы төлемдері түсіп тұрған тағы төрт банктік карта бар. Алдын ала мәліметтер бойынша, ата-анасы еңбек өтіліне байланысты зейнетақы, ал балалары мүгедектігі бойынша жәрдемақы алып келген.

Тергеушілер мал сатуға қатысты эпизодты да тексеріп жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Наурыз Мұқанғалиев жоғалғаннан кейін оның WhatsApp нөмірінен малдың бір бөлігін сату туралы өтініш жазылған хабарлама келген. Көршілердің бірі малды шамамен бір миллион теңгеге сатып, ақшаны Kaspi Gold картасына аударған.

Дереккөздің айтуынша, егер банк карталарын заңсыз пайдалану фактілері расталса, бұл қосымша айыптау баптарының қосылуына әкеп соғуы мүмкін.

Сонымен қатар, 10 наурызда тергеу соты күдіктінің жұбайына қатысты шешім қабылдады. Полиция департаментінің өтініші бойынша Ақбаян Мұқанғалиева сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін 10 сәуірге дейін психикалық денсаулық орталығына орналастырылды.

Маманның айтуынша, медициналық бақылау қажеттілігі тергеу амалдары барысында туындаған. Мамандар оның психикалық жағдайын анықтап, тергеуге қорытынды беруі тиіс.

Мұқанғалиеваның балалары қазіргі уақытта облыстағы балалар мекемелерінде. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ресми түрде ажырасқаны, бірақ бірге тұрып келгені белгілі болды.

Тергеу аяқталғаннан кейін жәбірленуші тарап ретінде танылған марқұмдардың туыстары шығынды өтеу туралы азаматтық талап арыз бере алады.

Іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бұған дейін Атыраудағы қанды қылмыс туралы жаңа деректер шығып жатқанын жазғанбыз. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары