Malim.kz
Экономика

БАҚ: Украина АҚШ айтқан соң қазақстандық мұнай танкерлеріне шабуылдамайтын болды

Айбын Атабай
cpc.ru

Украина АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің өтінішінен кейін Новороссийск маңындағы мұнай танкерлеріне ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасауды тоқтатты. Financial Times басылымы мәліметінше, бұл шешім тікелей қазақстандық мұнайға және Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысына байланысты. 

Қазақстанның бұған қандай қатысы бар?

КҚК арқылы қазақстандық мұнай құбыр желісімен Қазақстаннан Новороссийск ауданындағы терминалға жетеді, сол жерден танкерлерге тиеліп, әлемдік нарыққа жөнелтіледі. Украинаның Қара теңіздегі нысандар мен кемелерге жасаған шабуылдары салдарынан дәл осы мұнайды тасымалдайтын кемелерге қауіп төнген болатын.

"Вашингтон Украинаның мұнай нарығын одан сайын тұрақсыздандырып, Ресейдің Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумы терминалына Қазақстаннан құбыр арқылы келетін мұнайды тасымалдайтын танкерлерге шабуыл жасау арқылы америкалық компанияларға зиян келтіруіне алаңдаушылық білдірді", - деп жазады басылым дереккөздерге сілтеме жасап.

Financial Times мәліметінше, әңгіме КҚК инфрақұрылымына зақым келтірмеу туралы да болған. Басылымның жазуы бойынша, Украина президенті Владимир Зеленский мен Джей Ди Вэнс 31 шілдеде телефон арқылы сөйлесу барысында осы тақырыпты талқылағаннан бері Киев КҚК терминалы маңындағы танкерлерге соққы жасаған жоқ.

Украина шенеуніктері Киев КҚК инфрақұрылымына немесе Ресейге тиесілі емес кемелерге, егер бұл кемелер украиналық санкциялар тізімінде болмаса және ресейлік мұнайды немесе басқа да ресейлік жүктерді тасымалдамаса, шабуыл жасамауға келіскенін растады.

"Біз америкалық серіктестеріміздің сөзіне құлақ асамыз", - деді басылымға украиналық жоғары лауазымды шенеунік. Ол Киев АҚШ-тың өтінішіне жауап ретінде тиісті "механизмдер" жасағанын атап өтті. Оның айтуынша, КҚК мәселесі "АҚШ және Қазақстан үкіметтерімен талқылаулардың тұрақты бөлігі" болған.

АҚШ КҚК-ны қазақстандық мұнайдың маңызды бағыты деп атады

АҚШ өкілі Financial Times басылымына әкімшілік Украинаға Қара теңіздегі Ресейге тиесілі емес кемелерге, сондай-ақ КҚК инфрақұрылымына шабуылдарды тоқтату қажет екені туралы ескерткенін растады.

"АҚШ әкімшілігі КҚК-ны еуропалық нарықтарға қазақстандық энергия ресурстарын жеткізудің өмірлік маңызы бар арнасы және ресейлік энергия жеткізілімдеріне балама ретінде қарастырады", - деді ол.

Вашингтонның бұл бағытқа деген ерекше қызығушылығы америкалық бизнестің қатысуымен де түсіндіріледі: Chevron және ExxonMobil компаниялары КҚК-да үлестерге ие және осы бағытты пайдаланатын қазақстандық кен орындарын игеруге қатысады.

КҚК-ға жасалған шабуылдар

19 шілдеде Қара теңіздегі КҚК теңіз терминалында тиеу операциялары жүргізіліп жатқан кезде, ASIA және NISSOS IOS атты екі танкерге дрондар арқылы шабуыл жасалды. Бұл кемелер Қазақстанда өндірілген мұнайды тиеп жатқан болатын. Танкерлер бортында халықаралық экипаждар болды. Осы жағдайға байланысты Қазақстанның Энергетика және Сыртқы істер министрліктері мәлімдеме жасады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, кемелерге жасалған шабуыл салдарынан зардап шеккендер жоқ. ВПУ-1 және ВПУ-3 қашықтан айлақтау қондырғылары зақымданбаған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мұндай шабуылдарды елдің экономикалық мүдделеріне жасалған жол берілмейтін қолсұғушылық деп атады. Сондай-ақ ведомство серіктес мемлекеттерді мұндай әрекеттерді қатаң айыптауға және тиісті жауап шараларын әзірлеуге шақырды.

30 шілдеде КҚК теңіз терминалы айдынында дрондар тағы да екі танкерге шабуыл жасады. Салдарынан бір кемеде өрт шықты.

31 шілдеде Қазақстан Энергетика министрлігі кейбір БАҚ-та тараған Каспий құбыр консорциумының жұмысы толық тоқтауы мүмкін деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Сол кезде ведомство мұндай сценарий қарастырылып жатқан жоқ екенін атап өтті.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары