Танымал продюсер Мөлдір Мұқан Асхат Садырбайға берген сұхбатында отбасылық өмірінің алғашқы жылдарын еске алды. Ол шағын пәтерде тұрған кезіндегі қызықты оқиғаларды айтып, бүгінде адамдар арасындағы қарым-қатынастың өзгергеніне тоқталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сұхбат барысында Мөлдір Мұқан бұрын 18 шаршы метрлік пәтерде тұрса да, үйінен қонақ үзілмегенін айтты. Оның сөзінше, сол кезде жақындары мен достары жиі бас қосып, тіпті бірнеше адам бір бөлмеде түнеп қалатын болған.
"Сол кезде неге қонақ шақыра бергенбіз деп ойлаймын. Өзімізді әбден әуре қылыппыз. Кішкентай ғана 18 шаршы метрлік үйімізге КВН-ші жігіттердің бәрі келіп қонып қалатын. Тізіліп жататын еді ғой. Екі күннің бірінде қонақ шақыратынбыз. Бір жақта кереуетте кішкентай бала ұйықтап жатады, екінші жақта мен ет асып жатамын. Ортасын қонақ күтетін бөлме қылып қоямыз. Үстел қояйын десең, орын жетпейді", – деп еске алды ол.
Продюсер сол жылдары үйдің тарлығына қарамастан, қонақ күтудің өзі ерекше қуаныш болғанын жеткізді.
"Күнде достары келіп қонады, туыстарымыз бар, қайынсіңлім, қайынапам бар. Бәріміз өте тату, дос болып өмір сүрдік. Керемет күндер еді. Соған мәзбіз, бақыттымыз. Қазір дәл ондай емес. Сол уақыттарды кішкене сағынатын сияқтымын", – деді Мөлдір Мұқан.
Алайда Мөлдір Мұқан бүгінде қонаққа бару мен қонақ күтудің бұрынғыдай жиі болмай қалғанын жасырмады. Оның айтуынша, қазір тіпті жақын туыстардың өзі алдын ала келісіп, арнайы шақырумен ғана бас қосатын болған.
"Қонақ шақырғанды әлі де жақсы көремін. Бірақ бұрынғыдай үйдің іші абыр-сабыр болып, есік жабылмай жатады деп айта алмаймын. Қазір бәрі ресми түрде. Тіпті туғандарымның өзі жол-жөнекей кіріп, шай ішіп кетпейді", – деді ол.
Өнер иесі әлеуметтік желінің адамдар арасындағы қарым-қатынасқа әсері туралы да ойын айтты.
"Бауырыңның жағдайын Instagram-дағы жазбаларынан біліп отырамыз. Тіпті кездесіп, сөйлескенде не туралы әңгімелесеріңді білмейсің. Өйткені бәрін телефоннан көріп, біліп отырамыз", – деді Мөлдір Мұқан.
Мөлдір Мұқан кім?
Мөлдір Мұқан – қазақстандық продюсер, әнші және тележүргізуші. Ол бала кезінен өнерге жақын болып, бауырларымен бірге "Мұқановтар" отбасылық ансамблінде өнер көрсеткен. Жоғары оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, 21 жасынан бастап мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Кейін шығармашылық салаға ауысып, балаларға арналған "ММ" өнер мектебін ашқан.
Продюсер ретінде әнші әрі домбырашы Ақтоты Болышевамен жұмыс істеген. 2025 жылы "Шәй в большом городе" фильмінің продюсері болды. Сондай-ақ өзі де әншілікке ден қойып, "Өтірік", "Өмір сүр қалма елден" әндерін жарыққа шығарды.