Хоккейден “Барыс” клубы ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясындағы кездесуде Владивостоктың “Адмиралын” жеңді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ойын дүйсенбі күні Астанадағы “Барыс Аренада” өтті.
Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Ал екінші кезеңнің 27-минутында Мэйсон Морелли қақпаны дәл көздеп, алаң иелерін алға шығарды. Одан кейін он минут өткен соң Всеволод Логвин нәтижелі әрекетпен көзге түсіп, есепті 2:0-ге жеткізді. Қорытынды есепті Ансар Шайхмедденов қойды — ол 58-минутта шайба соғып, матчты 3:0 есебімен түйіндеді.
Айта кетейік, бұл “Барыстың” қатарынан екінші жеңісі. Бұған дейін астаналықтар “Сібірді” қос камбэкпен 6:4 есебімен тізе бүктірген болатын.
Ал оған дейін Михаил Кравецтің шәкірттері өз айдынында Қазанның “Ақ Барсына” 1:2 есебімен жол берген еді.
Келесі ойында “Барыс” 1 қазанда өз алаңында Ярославльдің “Локомотивін” қабылдайды.
Фото: "Барыс" ХК