Malim.kz
Оқиға

«Басыма пистолет тақады»: Олимпиада жүлдегері өзіне қастандық жасалғанын мәлімдеді

Арман Қайыпхан
Фото: instagram.com/shynaliev_/

Бокстан Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев өзіне қастандық жасалғанын айтып, құқық қорғау органдарынан көмек сұрады, деп хабарлайды Malim.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 2025 жылдың мамыр айында қазақстандық екі азамат оны Түркияның Стамбұл қаласына бапкер ретінде шақырған. Спортшы сол сапардан кейін күмәнді жағдайлар басталғанын айтады.

«Стамбұлға барған соң олардың үйінде шамамен он күн тұрдым. Екеуіне бапкер болып, жаттығу өткіздім. Елге оралғаннан кейін Шыңғыс Мұқашев хабарласып, бір-екі адамның аяқ-қолын сындыру керектігін айтты. Мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым», – дейді Еркебұлан Шыналиев.

Арада уақыт өткен соң, биыл қаңтар айында оған Түркиядан тағы да қоңырау түскен.

«Тағы да Түркияға шақырды. Бапкер боласың, әрі жаңа жоспарлар бар деді. Барған соң әуежайдан күтіп алып, Стамбұлдан 150–200 шақырым жердегі ну орманға апарды. Сол жерде тастанды ғимаратқа кіргізіп, басыма оқталған пистолет тақап, бір қағаздарды көрсетті. “ҰҚК өкілімін деп айтасың” деп мәжбүрледі. Қорыққанымнан талап еткендерінің бәрін айтып бердім», – дейді спортшы.

Оның сөзінше, орман ішінде Орта Азия елдерінен Түркияға кеткен бірнеше сақалды ер адам болған.

«Менің ойымша, олар Түркия билігінен саяси баспана алу үшін осындай әрекетке барған», – деп болжамын білдірді ол.

Видеоүндеу соңында Еркебұлан Шыналиев Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурадан қорғау мен көмек сұрады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары