Қазақстандық танымал зілтемірші, Рио-2016 Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл Шымкент қаласы ауыр атлетика федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Тиісті куәлікті ҚР Ауыр атлетика федерациясының вице-президенті әрі Шымкент қалалық филиалының президенті Мұрат Жолдыхожаев салтанатты түрде табыстады.
Тағайындау рәсімі кезінде Мұрат Жолдыхожаев Жазира Жаппарқұлдың спорттағы мол тәжірибесі мен жетістіктері өңірдегі ауыр атлетиканың дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Олимпиада жүлдегерінің федерация жұмысына араласуы жас спортшыларға шабыт сыйлап, кәсіби спорттың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді.
Өз кезегінде Жазира Жаппарқұл өзіне көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, аймақтағы ауыр атлетиканы дамыту жолында бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Ол әсіресе жасөспірімдер спортына ерекше назар аудару қажет екенін айтып, жаттықтырушылармен бірлесе жүйелі жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті.
Жазира Жаппарқұл туралы
Жазира Әбдірахманқызы Жаппарқұл 1993 жылы 22 желтоқсанда Түркістан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Ол – қазақстандық ауыр атлет, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғаған тәжірибелі спортшылардың бірі.
Жазираның алғашқы жаттықтырушысы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дүйсенбек Құрманбеков. Дәл осы ұстазы жас спортшыны ауыр атлетикаға баулып, үлкен спортқа жол ашқан.
Спорттық мансабында Жазира Жаппарқұл көптеген беделді жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті. 2010 жылы Сингапурда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында 69 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды. Ал 2015 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында тағы да жүлдегер атанды.
2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында ол Қазақстан қоржынына күміс медаль салды. Бұл – оның спорттық мансабындағы ең үлкен жетістіктердің бірі.