2026 жылғы негізгі ҰБТ басталғалы бері 292 мыңға жуық тестілеу өткізілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 10 мамырдан бері өткен алты апта ішінде талапкерлердің 72%-ы тесті қазақ тілінде, 28%-ы орыс тілінде тапсырған. Сондай-ақ 469 адам ағылшын тілінде білімін сынаған.
Алты аптаның қорытындысы бойынша қатысушылардың 68%-ы шекті балдан өткен. Бес пән бойынша орташа нәтиже 64 балды құрады. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл. Бұл нәтижені Павлодар облысының талапкері көрсеткен.
ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттіліктері бар 735 талапкер де қатысқан. Олар үшін арнайы жағдайлар қарастырылған.
Министрлік тестілеу барысында 624 ереже бұзушылық анықталғанын хабарлады. Оның ішінде 385 талапкер смартфон, смарт-көзілдірік, микроқұлаққап және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмеген.
Тағы 238 адам тест тапсыру кезінде тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылған.
«Бейнежазбаларды тексеру қорытындысы бойынша тестілеу ережесін бұзған бір адамның ҰБТ нәтижесі күшін жойды. Бөгде адамның орнына тест тапсыру деректері тіркелген жоқ», – деп хабарлады министрлік.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, ҰБТ-2026 аяқталғаннан кейін де бейнежазбаларды талдау жұмыстары 31 қазанға дейін жалғасады. Осы кезеңде қосымша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, талапкерлердің нәтижелері жойылуы мүмкін.
Айта кетейік, талапкерлер тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде тапсырмалар мазмұны бойынша апелляция бере алады. Ал техникалық мәселелерге қатысты өтініштер тестілеу барысында қабылданады. Апелляциялар қаралған соң сертификаттар жеке кабинеттерде қолжетімді болады.