Malim.kz
Саясат

«Bek Air» әуе компаниясы Ливияға заңсыз қару-жарақ тасымалдаған ба?

Malim Админ

ҚР Азаматтық авиация комитеті Біріккен Ұлттар Ұйымының «Bek Air» әуе компаниясы ұшақтарының Африкаға заңсыз ұшуын анықтауда қолдау білдіргені жөнінде мәлімдеді.

«2020 жылы Қазақстанның авиация әкімшілігі БҰҰ-ның қолдауымен заңсыз қару-жарақ тасымалдау және «Bek Air» ұшақтарының Африкаға заңсыз ұшуына қатысты нақты деректерге негізделген жауап алды», - делінген комиетет таратқан мәлімдемеде.

Бірақ мәлімдемеде «Bek Air» ұшақтарының Африкаға қай уақытта ұшқаны, қандай жүк тасымалдағаны және қандай заңсыздық жасағаны жөнінде айтылмаған.

2020 жылдың мамыр айында Қазақстанның Ливияға заңсыз қару-жарақ тасымалдауға қатысы бар екендігі белгілі болған. Сол уақытта «Bloomberg» басылымы Ливияға қару-жарақ тасымалдағандар арасында қазақстандық екі әуе операторы бар екендігі жөнінде жазған. Кейіннен Қазақстан авиация әкімшілігі аталмыш мәселеге қатысты тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеген.

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған «Bek Air» әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырап, 13 адам көз жұмған.

Malim Админ
Автордың басқа материалдары