Malim.kz
Экономика

Бектенов Астанадағы ірі өндірістік жобаларды аралады

Айбын Атабай

Олжас Бектенов Президенттің нақты секторды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министр Астана қаласына жұмыс сапары аясында Президенттің өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылымды нығайту және АӨК-тегі қайта өңдеуді тереңдету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Олжас Бектенов логистикалық орталық, медициналық бұйымдар өндіретін зауыт, нан-тоқаш, сүт және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға барды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қала экономикалық дамудың жоғары қарқынын сақтап, еліміздің жетекші іскерлік орталықтарының бірі ретіндегі рөлін нығайтып отырғанын баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 18,9 трлн теңгеге жетті. Елорда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Биылғы төрт айда 587 млрд теңге инвестиция тартылды, оның шамамен 80%-ын жеке инвестициялар құрады. Қазіргі таңда Астанада 246 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда шамамен 560 мың адам жұмыспен қамтылған. ШОБ-тың қала экономикасына қосқан үлесі рекордтық деңгейге — 66%-ға жетті. 2026 жылы 26 өнеркәсіптік жобаны іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде құны 32 млрд теңге болатын 8 жоба пайдалануға беріліп, 500-ге жуық жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін құны 36 млрд теңге болатын 18 жобаны іске қосып, мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары