Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Қаржы министрлігінің фискалдық саясатын дамыту және ақпараттық жүйелерді цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынға құзырлы мемлекеттік органдар мен өңірлік мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылары қатысты.
Кеңесте 2025 жылға арналған мемлекеттік бюджет кірістерінің орындалу қорытындылары қаралды. Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, кірістер жоспары 100,1 пайызға орындалып, өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетке 24,6 трлн теңге түсті.
Сондай-ақ жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен салық жүйесіндегі өзгерістерге қатысты деректер ұсынылды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бері 454 мың салық төлеуші оңайлатылған салық декларациясы арқылы өз қызметін растаған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде 138 мың жеке тұлға тіркелген, оның ішінде 122 мыңы бұрын тіркелмеген. Бұдан бөлек, 7 мыңнан астам бизнес субъектісі жаңа ҚҚС төлеуші ретінде есепке алынған.
Премьер-министр салықтық әкімшілендірудегі басты міндет – қызмет көрсету сапасын арттыру, салық төлеушілерге ашық әрі әділ көзқарас қалыптастыру екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшыларына негізгі жұмыс қағидаттары белгіленді.
«Салық төлеу үдерісі әділ, ыңғайлы әрі түсінікті болуы керек. Ішкі кірістер қызметінің қызметкерлері бизнес үшін серіктес әрі кеңесші рөлін атқаруға тиіс. Жауапқа тарту шаралары тек кірісін қасақана жасырғандарға ғана қолданылуы қажет. Сондықтан 2026 жыл шағын және орта бизнес үшін өтпелі кезең болады, төлеудегі қателіктер үшін өсімпұлдар мен айыппұлдар алынбайды. Бұл кәсіпкерлерге өзгерістерге байсалды түрде бейімделуге мүмкіндік береді», – деді Олжас Бектенов.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа цифрлық архитектурасын енгізу және салықтық, кедендік әкімшілендіруді микросервистік модельге көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, фискалдық процестерді оңтайландыру мақсатында бұрынғы 12 ескірген ақпараттық жүйенің орнына 5 заманауи цифрлық платформа қолданысқа енгізілген. Бұл салық салу рәсімдерін жеңілдетуге, адал бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға және заң бұзушылықтарды бақылауды күшейтуге мүмкіндік берген.
Биылғы жылдың басынан бері салық салудың оңайлатылған режиміне көшу бойынша шамамен 500 мың өтініш өңделді. Қазіргі таңда мемлекеттік кірістер органдарының жаңа ақпараттық жүйелерінде салық есептілігінің 800 мың нысаны бар. Цифрлық сервистер 1,7 млн-ға жуық бизнес субъектісіне қызмет көрсетеді. Күніне жүйеге орта есеппен 87 мыңнан астам салық төлеуші кіреді.
Оңтайландырудың басты артықшылықтарының бірі – салық құжаттарын өңдеу уақытының 1 сағаттан 1 минутқа дейін қысқаруы. Сонымен қатар онлайн төлемдер жүргізу мүмкіндігі кеңейтіліп, жүйенің қолжетімділігі артқан, бір мезгілде кіретін пайдаланушылар саны 100 мыңнан 250 мыңға дейін көбейтілген. Кәсіпкерлерді қолдау және қателіктердің алдын алу үшін форматты-логикалық бақылау жүйесі енгізілген.
Биылдан бастап ҚҚС бойынша декларацияларды автоматты түрде толтыру тетігі іске қосылды. Бұл бизнес үшін салық міндеттемелерін орындауды едәуір жеңілдетеді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға мәртебе e-Saluq Business мобильді қосымшасы арқылы автоматты түрде беріледі.
Сонымен қатар жаңа цифрлық құралдар тек салықтық және кедендік әкімшілендіруде ғана емес, статистиканы қалыптастыру, өңірлер бойынша азық-түлік пен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын, жанар-жағармай қажеттіліктерін мониторингілеу, жәрдемақыларды есептеу, субсидиялар беру, квазимемлекеттік сектордағы заңсыз сатып алулардың алдын алу, құқық қорғау органдарының қызметін қолдау және басқа да бағыттарда қолданылып отыр.