Malim.kz
Экономика

Бектенов: Елде мал шаруашылығын қаржыландыру көлемі артады

Айбын Атабай
Үкімет

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мал шаруашылығын дамытуға қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Экономиканы дамытуда болашағы зор бағыттардың бірі – жеңіл өнеркәсіп. Шілде айында 2030-шы жылға дейінгі Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Оны тиімді әрі уақтылы іске асыру отандық өнім өндірісінің көлемін арттырып, ішкі нарықты толықтыруды және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етуге тиіс. Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жоспарланған іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді О. Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ішкі нарықты отандық агроөнеркәсіп өнімдерімен толықтыруды жалғастырып, өткізу арналарын кеңейту, сондай-ақ өнімді сыртқы нарықтарға белсенді ілгерілету қажет екенін айтты.

- Мал шаруашылығын, әсіресе мультипликативтік әсері жоғары етті мал шаруашылығын дамыту басым бағыттардың бірі болуға тиіс. Осы әлеуетті барынша тиімді пайдаланып, ет өнімдерін экспорттаушы жетекші елдердің бірі ретінде Қазақстанның сыртқы нарықтардағы рөлін нығайта түсу керек. Ұлттық экономика министрлігіне мал шаруашылығы және инвестициялық жобаларды несиелендіру мақсатында «Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталын ұлғайтуға қатысты қаржы-экономикалық негіздемені барынша қысқа мерзімде қарап, тиісті қорытынды ұсынуды тапсырамын, - деді Премьер-министр.

Оның пайымынша, сенімді деректерсіз отандық өнімнің нақты үлесін және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау мүмкін емес.

- Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық тауарлар каталогы негізінде тауарларды қадағалаудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыруды аяқтасын. Аталған жүйені Мемлекеттік кірістер комитетінің деректерімен, Отандық тауар өндірушілердің тізілімімен және басқа да ақпараттық жүйелермен интеграциялауды тапсырамын, - деді О. Бектенов.

Мұнымен қоса ол қазақстандық өнімді ілгерілету, сертификаттау, логистиканы ұйымдастыру және оны шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне орналастыру бағытында кешенді шараларды әзірлеу қажет екенін атап өтті.


 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары