Malim.kz
Құқық

Бектенов: Өндірістегі жарақат үшін кәсіпорын басшылары жеке жауап береді

Айбын Атабай
С.Жексенбеков / Kazinform

Қазақстанда ірі кәсіпорын басшыларының жұмысы өндірістік жарақат деңгейі бойынша бағаланады. Премьер-Министр Олжас Бектенов еңбек қауіпсіздігіне қатысты KPI енгізуді ұсынып, оның орындалуы басшылардың жалақысы мен қызметте қалуына тікелей әсер етуі керектігін айтты.

Мемлекет басшысы сәуір айында Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері туралы Заңға қол қойды. Еңбек заңнамасындағы қолданыстағы нормалар да жаңартылып жатыр.

– Енді жұмыс берушілер кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауы қажет. Еңбек министрлігі өндірістік жарақат алу көрсеткіші бойынша барлық ірі кәсіпорындардың басшылары үшін KPI енгізуі қажет. Оның орындалмай қалуы басшылықтың жалақысына және жалпы жұмыста қалуына тікелей әсер етуге тиіс, – деді О.Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Қауіпсіздікке, автоматтандыруға және цифрландыруға салынған инвестициялардың қайтарымы да, әдетте бірнеше есе жоғары. Әлемдегі ең озық өнеркәсіптік компаниялар осы қағидатты мықтап ұстанады.

Дегенмен еліміздің жекелеген кәсіпорындарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі деңгейінде тәуекелдер бар. Олардың дені тозығы жеткен жабдықтарды уақытылы алмастырмау, өндірістік бақылаудың әлсіздігі және заманауи қауіпсіздік жүйелерінің болмауына байланысты туындап отыр. Бұл, ең алдымен, тау-кен, мұнай-газ және химия кәсіпорындарына байланысты. Өнеркәсіптің осы салаларын ерекше бақылауда ұстаған жөн, – деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Үкімет жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәселесін қарастырды.



 



 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары