Олжас Бектенов 16-шы Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресіне қатысты. Премьер-министр пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5% деңгейінде тұрақты өсім көрсеткенін атап өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет $300 млрд-тан асты. Бұл нәтиже – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың технологияларға, инвестицияларға, өнеркәсіп пен адами капиталды дамытуға негізделген заманауи экономика құру бағытының жемісі.
-Еліміздің жаңа Конституциясы осы бағыттың институционалдық негіздерін бекітеді. Ол меншік құқығы мен инвестицияларды қорғау кепілдіктерін күшейтеді, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтады және елдің ұзақмерзімді экономикалық дамуы үшін берік негіз қалыптастырады. Тау-кен металлургиясы кешенін одан әрі дамыту ісінде бұл мәселе айрықша маңызға ие. Жер қойнауын пайдалану, металлургия және терең өңдеу салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыру қомақты инвестиция мен ұзақмерзімді инвестициялық циклдерді талап етеді. Сондықтан институттардың орнықтылығы, реттеудің болжамдылығы және бизнес тарапынан сенімнің жоғары деңгейі саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың біріне айналуда, - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазақстан бәсекелік артықшылықтарына сүйенген заманауи индустриалды саясатты жүзеге асыра отырып, жаңа буын өндірістерін құру арқылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуді жалғастырады.
Айта кетейік, Конгресс – жыл сайын тау-кен металлургия саласының болашағын талқылау үшін түрлі мемлекеттер өкілдерін, бизнес қауымдастығын, сарапшылар ортасын және халықаралық ұйымдар өкілдерінің басын біріктіретін беделді алаң.
Форумға әлемнің 16 елінен 1,5 мыңнан астам делегат жиналуы – Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін дамытуға деген жоғары қызығушылықтың айқын дәлелі.