Malim.kz
Саясат

Бектенов шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырды

Арман Қайыпхан
Фото: ukimet.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өнімдері нарығындағы жағдайға арналған кеңес өткізіп, жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Кеңес барысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын және ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда елдегі бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 миллион тоннадан асады.

Үкімет мәліметінше, жанар-жағармай материалдарының тапшылығы байқалмайды. Мұнай өнімдері автожанармай құю стансаларына, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне және отандық әуе тасымалдаушыларына басымдықпен жеткізілуде.

Кеңесте мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазір Қазақстаннан автомобиль көлігі арқылы мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін және теміржол арқылы жеңіл дистилляттарды шығаруға тыйым салынған. Сонымен қатар автокөліктердің мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу қойылған.

Жиын қорытындысы бойынша Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға шекарадағы бақылауды күшейтіп, мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың барлық схемаларын анықтау және жолын кесу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Энергетика министрлігіне өндіріс көлемі, қорлар және тұтыну теңгеріміне тұрақты мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда қосымша ұсыныстар енгізу жүктелді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары