Malim.kz
Шоу-бизнес

Белгілі актер Мұқан Шәкіров өмірден өтті

• Алуа Әшірбекова
Фото: ашық дереккөздерден алынған

Қазақстанның мәдениет қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Мұқан Шәкіров дүниеден өтті. Қаралы хабарды Асқар Тоқпан атындағы театр ұжымы жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Театр ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оның қазақ өнеріне сіңірген еңбегін атап өтті. Мұқан Шәкіров саналы ғұмырын сахнаға арнап, ұлттық театр өнерінің дамуына үлес қосты.

Актер 1945 жылғы 14 қаңтарда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Алматы облыстық театрында бастаған. Кейін Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында және Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет еткен.

1981 жылы Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрына қабылданып, осы өнер ордасында қырық жылдан астам еңбек етті. 2025 жылдың қаңтарында зейнеткерлікке шыққан.

Қазақ мәдениетіне қосқан үлесі үшін "Құрмет" орденімен марапатталып, Шымкент қаласының Құрметті азаматы атанған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары