Қазақстандық танымал теннисші Елена Рыбакина Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қазақтың ұлттық тағамдарына деген сүйіспеншілігін айтып, қала туралы жылы пікір білдірді. Спортшы Алматыға келген сайын өзін үйіндегідей сезінетінін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Елена Рыбакинаның айтуынша, ол уақытының басым бөлігін Дубайда өткізеді. Теннисшінің үйі де сол қалада орналасқан. Дегенмен спортшы Алматыға ерекше ықыласпен қарайтынын жасырмады. Оның сөзінше, қаланың ауа райы ұнайды, сондай-ақ мұнда жақын достары тұрады.
Баспасөз мәслихатында теннисшіден Қазақстанға келгенде қандай тағамдарды ұнататыны сұралған. Рыбакина қазақтың ұлттық тағамдарын, әсіресе бешбармақ пен түрлі тәттілерді сүйіп жейтінін айтты.
"Тамаққа келсек, шынында да көп нәрсе жеймін, ал бешбармақ пен түрлі қазақша тәттілер өте жақсы өтеді. Сондықтан мұнда келгенде барлық достарыммен бірге өзімді үйімдегідей сезінемін", – деді Елена Рыбакина.
Оның айтуынша, Алматыға келгенде тағам таңдауда өзін қатты шектемейді.
Кездесу барысында Елена Рыбакина Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысудың маңызына да тоқталды. Теннисші ел намысын қорғау өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан спортшыларының басқа спорт түрлеріндегі жетістіктерін де бақылап отыратынын жеткізді. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың және тау шаңғысы спортымен айналысатын отандық атлеттердің нәтижелерін ерекше атап өткен.
Рыбакина Қазақстанда түрлі спорт бағыттарының дамып келе жатқанына және спортшылардың халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүргеніне қуанатынын айтты.