Қаңтар оқиғасындағы «Әуежай ісі» бойынша бесеуге шыққан үкім қоғамда резонанс тудырып жатыр. Сот шешіммен келіспейтіндердің алды әділдік сұрап Президент Тоқаевқа ашық хат жолдап та үлгерді. Қарсылық танытушылардың алды негізінен жас қаламгерлер. Иә, халық сот пен прокуратура бұра тартып, әділетсіздік орын алса алдымен «зиялы қауым не дер екен» деп солардан үміт күтері анық.
Нақтырақ айтқанда Жазушылар одағынан. Алайда, 800-ден астам мүшесі бар Жазушылар одағы басшылығы ләм-мим деген жоқ. Оның да өз себебі бар шығар. Биыл одақ тізгінін ұстаған Мереке Құлкенов сөзінің әлқиссасын «Жазушылар оппозиция болмау керек. Оппозиция деген ол мемлекет басшысына қарсы деген сөз»,-деп позициясын бірден білдірген болатын. Құлкенов бастаған одақ басындағылар «ұстанымынан» айни қоймайтын шығар. Дегенмен қалың көпшілік әлі де Жазушылар одағынан араша күтіп отырғаны анық.
Сотталған бесеудің ісі Ұлытау мен Түркістанда өткен құрылтайда мінберден түспей, «елдің сөзін айтқыш шешендерді» де толғандырмаған екен. Алғашқы жиында президенттің қолынан «Қазақстанның еңбек ері» атағын алған ақын Мұхтар Шахановтың да үн қатқанын байқамадық. «Қаңтар оқиғасын зерттеу мәңгілік зерттеу болмау керек» дейтін Асқар Жұмаділдаевтың да төбесі көрінбейді. Ел толқыса бірге толқитын Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтен де бұқара ағалық сөз күтіп отыр.
Түркістан төрінде «Жаңа қоғам құндылықтарын пысықтауға» шақырған Жақсыбек Құлекеев, «Әділетті Қаазақстан – адал азамат» ұранының төңірегіне топтасқан Әлихан Бәйменов, Азамат Сатыбалды, Қайрат Жолдыбайұлы, Жұлдыз Сүлейменовалар неге халық алдына шықпай жатқаны беймәлім.
Жазғы каникулға шыққан парламент депутаттары осындай сын сағаттарда да өзіне каникул жариялап алғандай. Бір-бірімен жарысып депутаттық сауал жолдағыш шенеуніктер «әуежай ісінен» айналып өтті. Жалпы, жаңа шақырылым депутаттарының биыл Қаңтар ісіне қатысты батыл сауал көтеріп, оқиғаның әділ тергелуін талап еткенін көргеніміз жоқ.
Бір жерде өрт шықса, соған бас үйтіп ала қояйын дейтіндер де арамызда аз емес. Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменов 8 жыл, Әйгерім Тілеужан 4 жыл арқалап кеткенде блогерлердің дені ақша үшін сотталғандарды күстаналап шыққанын көз көрді. Олардың жазбаларын оқыған желі белсенділері ашу-ызаға булықты. Артынша ұяты барлар посттарын өшіргендей болды. Алайда, көпшілік «посттар өшкенмен, скриндер өшпейді» деп жалдамалы жазармандардың масқарасын шығарып жатыр.
Ел арасында ақиқаттың «ақ туын көтеріп, алдаспандай жарқылдайды» деп әспеттелетін айтыскер ақындарды да желідегі жұрт майшаммен іздеп таппай жатыр. Қаптаған одақ – айтыскерлер одағы, суретшілер одағы, театр қайраткерлері одағы да үнсіз қалуды құп көргендей. Бірақ, халықтың қаны төгіліп, ел іші бүлінгенде қит етпегендер енді бас көтерер деймісіз?!
Айбын Атабай