Malim.kz
Шоу-бизнес

Білгіңіз келсе: Шакираның футболдан әлем чемпионатындағы әндері қанша табыс әкелді?

Айгүл Таңатар
https://sport-hub.kz

Шакираның футболдан әлем чемпионаттарындағы ең танымал екі әні - 2010 жылғы «Waka Waka (This Time for Africa)» және 2026 жылғы «Dai Dai». Екі әннің қаржылық тарихы бір-біріне мүлде ұқсамайды.

2010 жылғы «Waka Waka» кемінде £7 млн әкелген. Бұл - 2025 жылы The Times жүргізген зерттеуде келтірілген бағалау. Басылымның дерегінше, Sony Music осы әннің FIFA-ның ресми World Cup нұсқасынан түскен белгіленген роялтидің барлығын FIFA-ға аударып отырғанын растаған. 
Бірақ £7 млн Шакираның жеке алған ақшасы емес. Бұл - әннің роялтиінен жиналған жалпы сома. Оның ішінде Шакира, Оңтүстік Африканың Freshlyground тобы және басқа да құқық иелерінің үлестері бар. Сонымен қатар, әннен түскен авторлық табысы FIFA арқылы қайырымдылық мақсаттарға бағытталуы тиіс болған. Freshlyground кейін бұл ақшаның нақты қалай бөлінгенін анықтау қиын болғанын айтқан. FIFA болса, «20 Centres for 2010» мұралық жобаларына әннен түскеннен де көп қаражат салғанын мәлімдеген.

Ал 2026 жылғы «Dai Dai» бойынша жағдай әлдеқайда анық. Шакира бұл әнді нигериялық әнші Burna Boy-мен бірге орындады. FIFA-ның ресми мәлімдемесінде әннен түсетін табысы түгелімен FIFA Global Citizen Education Fund қорына аударылатыны жазылған. Sony Music алғашқы $250 мың көлеміндегі түсімге тең соманы қосымша қайырымдылық ретінде беруге міндеттенген.

Яғни 2026 жылғы «Dai Dai»-ден Шакира жеке гонорар алмайды деуге негіз бар. Бұл жайтты Шакираның өзі де 2026 жылғы сұхбатында растаған.

Әннің коммерциялық нәтижесі де өте жоғары болды. Шілде айында The Sun әннің Billboard Global 200 және басқа халықаралық чарттарда бірінші орынға шыққанын, YouTube-тағы клипі 500 млн қаралымға жуықтағанын жазды. Сол кезде әннің арқасында білім беру қорына £44 млн-нан астам қаражат жиналғаны хабарланды. Бірақ бұл тек «Dai Dai»-ден түскен ақша емес, қордың басқа да қайырымдылықтары мен түсімдері бар екенін ескеру керек.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары