Қазақстанның IT-қызметтер экспорты соңғы жылдары бірнеше есеге өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдің компьютерлік және IT-қызметтер экспорты $1,142 млрд болды. Бұл деректі ҚР Ұлттық банкі мәліметтері негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жариялады.
IT экспортының көлемі 2022 жылы $337 млн, 2023 жылы $529 млн болған. 2023 жылғы көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 57%-ға артқан. 2024 жылы экспорт көлемі $690 млн-нан асты.
2025 жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты $1,142 млрд-қа жетіп, шетелдік цифрлық шешімдердің импортының ($429 млн) көлемінен 2,6 еседен астам жоғары болды. Осылайша Қазақстан IT-қызметтер бойынша таза экспорттаушы елдердің қатарына шықты.
Қазақстандық IT-шешімдер қазір 110-нан астам елде сұранысқа ие. Экспорттың негізгі қозғаушы күштерінің бірі – Astana Hub. Оның қатысушылары 2025 жылы шетелге $633 млн көлемінде IT-қызмет пен өнім экспорттаған. Экспортпен 537 компания айналысады.
Қазақстан билігі IT-қызметтер экспортын одан әрі арттыруды көздеп отыр. 2026 жылғы сәуірде министрлік жариялаған мәлімет бойынша, 2030 жылға қарай IT-қызметтер экспортын $5 млрд-қа жеткізу мақсаты қойылған.