Бір ауылдың тұрғындары электр қуатын жылдар бойы пайдаланып келгенімен, жарық үшін ақы төлемеген. Бұл жағдай бір-екі отбасыға ғана емес, тұтас ауылға қатысты болған. Ең қызығы, энергетикалық компания да жағдайдан хабардар еді, деп хабарлайды Malim.kz.
Барлығы шамамен 20 жыл бұрын басталған. Сол кезде ауыл тұрғындары электр қуатының жиі өшуіне және оның егін шаруашылығына кері әсеріне наразы болған. Жергілікті халықтың негізгі күнкөрісі ауыл шаруашылығына байланысты болғандықтан, электр энергиясының тұрақсыздығы суару жұмыстарына да қиындық туғызған.
Тұрғындардың айтуынша, олар мәселені бірнеше рет жауапты мекемелерге жеткізген. Алайда жағдай өзгермеген соң, 2003 жылы шаруалар жаппай наразылық ұйымдастырады. Сол кезде белсенділер халықты электр қуаты тұрақты берілгенше төлем жасамауға шақырған.
Бірақ кейін электрмен қамту қалпына келгенімен, ауылдағы жағдай бұрынғы қалпында қалған.
Электр келді, ал төлем жасалмады
Наразылықтан кейін ауыл тұрғындарына электр энергиясы қайтадан тұрақтырақ беріле бастаған. Алайда көпшілік жарық ақысын төлеуге оралмаған.
The New Indian Express мәліметінше, энергетикалық компания қызметкерлері де ұзақ уақыт бойы тұрғындардан төлем өндіре алмаған. Тіпті кейбір жаңа үйлер мен коммерциялық нысандардың электр есептегіштері мен сымдары тиісті рұқсатсыз орнатылғаны айтылған.
Times of India жариялаған дерек бұдан да қызық мәліметті көрсетеді. Ауылда шамамен 18 мың адам, 3 мыңға жуық отбасы тұрған. Ресми түрде 1142 тұрмыстық және коммерциялық электр желісіне қосылу тіркелгенімен, жергілікті тұрғындардың өзі рұқсатсыз қосылған желілердің саны бұдан да көп екенін айтқан.
Қарыз миллиондарға жеткен
Осы жылдар ішінде төленбеген электр энергиясының сомасы да жинала берген.
Энергетикалық компания өкілдерінің мәліметінше, ауыл бойынша төленбеген шоттардың көлемі 13,8 млн үнді рупийіне жеткен. Бұл қазіргі бағамға қарай ондаған миллион теңгеге тең.
Компания қызметкерлері ауылға барып, тұрғындарды төлем жасауға көндіруге тырысқан. Алайда мәселені бірден шешу мүмкін болмаған. Компания өкілі кей тұрғындардың ара-тұра төлем жасағанын, бірақ мұндай жағдайдың көп жылдан бері жалғасып келе жатқанын растаған.
Осылайша сырт көзге "20 жыл бойы тегін электр алған ауыл" болып көрінген жағдайдың артында мемлекеттік жеңілдік емес, көп жыл бұрын басталған тұрғындар наразылығы мен жиналып қалған төлем мәселесі тұрған.
Бұл қай елде болған?
Оқиға Үндістанда болған. Сөз Карнатака штатындағы Багалкот округіне қарасты Широл ауылы туралы. Жергілікті тұрғындардың электр қуатына ақы төлемей келгені туралы The New Indian Express және Times of India басылымдары жазған.