Malim.kz
Оқиға

Бір ауылдың тұрғындары ел құрамынан шығуға дауыс берді

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Шағын ауылдың тұрғындары күтпеген шешім қабылдап, өз елінің құрамынан шығу үшін "референдум" өткізді. Дауыс беруге қатысқандардың басым бөлігі ауылдың жеке аумақ болғанын қолдаған, деп хабарлайды Malim.kz.

Елді мекенде шамамен 350 адам тұрады. Соған қарамастан, дауыс беруге 312 тұрғын қатысып, олардың 285-і "тәуелсіздікті" қолдаған. 26 адам қарсы дауыс берсе, бір бюллетень жарамсыз деп танылды. Дауыс беруге қатысу көрсеткіші шамамен 92 пайызға жеткен. 

Бірақ тұрғындардың мұндай қадамға баруына тәуелсіз мемлекет құру арманы емес, биліктің ауыл маңына қатысты жоспары себеп болған.

Жергілікті халық ауылға жақын орналасқан бұрынғы әскери нысанды 1256 баспана іздеушіні орналастыратын орталыққа айналдыру жоспарына қарсылық білдірген. Бұл сан ауыл халқының өзінен үш еседен аса көп. 

Тұрғындар мұндай ауқымды орталық ашылса, шағын елді мекеннің инфрақұрылымына салмақ түсуі мүмкін деп алаңдайды. Жергілікті кеңес өкілдері билікпен тиісті деңгейде кеңес жүргізілмегенін де сынға алған. Ал үкімет бұрынғы әскери нысандарды пайдалану босқындар мен баспана іздеушілерді қонақүйлерге орналастыру шығынын азайтуға бағытталғанын айтады. 

Дауыс беру нәтижесінен кейін тұрғындар тіпті елді мекенге "князьдік" мәртебесін беріп, оны "Пиддингтон князьдігі" деп атай бастады. Ауыл басшылары алдағы уақытта символикалық басшылар сайлау, жеке ту мен басқа да атрибуттар ойлап табу мүмкіндігін де талқылаған. 

Алайда бұл "тәуелсіздік" заң жүзінде ештеңені өзгертпейді. Өткізілген референдумның ресми құқықтық күші жоқ және ауыл бұрынғыдай сол мемлекеттің құрамында қала береді. Шараның негізгі мақсаты – биліктің назарын жергілікті тұрғындардың талабына аудару болған.

Ал ерекше "тәуелсіздік референдумын" өткізген ауыл – Ұлыбританиядағы Пиддингтон. Ол Англияның Оксфордшир графтығында, Оксфорд қаласынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. Оқиға 2026 жылғы қыркүйекте болып, шағын ауылдың ерекше наразылық акциясы халықаралық БАҚ назарына ілікті. 

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары