Malim.kz
Оқиға

Бір-бірін танымай өскен егіз қыздар TikTok арқылы табысты

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

19 жастағы қызға досы TikTok-тағы бір видеоны жіберген. Видеодағы қыздың түрі өзінен айнымайтынын көрген ол бейтаныс адамды іздей бастайды. Сөйтіп, екеуі хат жазысып, бір аптадан кейін кездескен. Кейін олар дүниеге келгенде екі бөлек отбасыға берілген егіздер екенін білді, деп Malim.kz тілшісі BBC World Service-ке⁠ сілтеме жасап хабарлайды.

Қыздардың бірі сыңарын 12 жасында теледидардан көрген екен. Ол өнер байқауын тамашалап отырып, сахнада билеп жүрген қыздың өзіне қатты ұқсайтынын байқайды. Тіпті туыстары да экрандағы қызды онымен шатастырып, отбасына телефон соққан. Сол кезде үйдегілер мұны кездейсоқ ұқсастыққа балаған.

Арада жеті жыл өткенде, 2021 жылдың қарашасында сол қыз TikTok-қа қасына пирсинг салдырып жатқан видеосын жариялайды. Видеоны көрген сыңары оны өз бетімен таба алмай, университеттегі WhatsApp тобына жібереді. Топтағы бір адам видеодағы қызды танып, екеуін Facebook арқылы байланыстырады. Ал видеоның иесі өзіне жазған қызды бала күнінде теледидардан көргенін бірден есіне түсірген.

Құжаттағы туған күндері екі бөлек болған

Хат жазыса келе екеуі бір перзентханада дүниеге келгенін білген. Бірақ туу туралы куәліктеріндегі күндер шамамен екі аптаға алшақ еді. Алғаш рет жүздескенде түрлері ғана емес, дауыстарының да ұқсайтынын байқаған. Содан кейін екеуі де өздерін өсірген ата-аналарынан мән-жайды сұрайды. Сол кезде қыздар 2002 жылы екі бөлек отбасыға асырап берілгенін алғаш рет естіген.

Егіздер анасын іздеп, оқиғасын Facebook-тегі туыстарын іздейтін адамдар тобына жариялайды. Оларға бір бойжеткен хабарласып, анасының сол жылы егіз қыз босанғанын, бірақ перзентханада екі сәби де шетінеді деп айтқанын жеткізген. ДНҚ сараптамасы оның егіздердің туған бауыры екенін растады.

Кейін қыздар туған анасымен жүздесті. Анасының айтуынша, ол босанғаннан кейін ауыр халге түсіп, ес-түссіз жатқан. Есін жиғанда перзентхана қызметкерлері екі қызының да қайтыс болғанын айтқан. Жиырма жылдан астам уақыт өткенде ғана ол қыздарының тірі екенін біліп, екеуін алғаш рет құшағына алды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары