Malim.kz
MALIMet

Бір кесе су көмектеседі: микротолқынды пешті оңай тазалау тәсілі

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

Микротолқынды пештің қабырғасына шашыраған тамақ кеуіп қалса, сүрткенге бірден кете қоймайды. Оны күш салып ысқыламас бұрын, кәдімгі сумен жібітіп алуға болады, деп хабарлайды Malim.kz.

Whirlpool компаниясының кеңесіне сүйенсек, судан шыққан бу қатып қалған тамақ қалдықтарын жұмсартып, тазалауды жеңілдетеді. Ол үшін микротолқынды пешке жарамды ыдыс пен бір кесе су жеткілікті.

Қалай тазалаймыз?

Микротолқынды пешке арналған, металл жиегі жоқ ыдысқа шамамен 250 мл су құйыңыз. Пешке қойып, 3–4 минут қыздырыңыз. Құрылғыңыздың нұсқаулығында басқа талап көрсетілсе, соны ұстаныңыз. Арнайы бумен тазалау режимі бар болса, сол қызметті пайдалануға болады.

Қыздыру аяқталғанда ыдысты бірден ұстамаңыз: суы да, ыдысы да ыстық болады. Сәл суыған соң асүй қолғабымен абайлап алыңыз. Пештің ішін жылы күйінде жұмсақ дымқыл шүберекпен сүртіңіз. Қалған ылғалды құрғақ матамен жинаңыз.

Қатты қырғыш қолданбаңыз

Кетпеген дақты пышақпен қырудың қажеті жоқ. Ішкі бетін сызбайтын жұмсақ губка қолданыңыз. Қажет болса, аздап жұмсақ жуғыш затпен тазалап, соңынан таза дымқыл шүберекпен мұқият сүртіңіз.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары