Malim.kz
Шоу-бизнес

"Бір қалам алып бермейтіні жаныңа батады": Фариза Бекібай экс-жұбайы туралы ашық айтты

• Мадина Ізекен
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

Актриса Фариза Бекібай "TABOO" бағдарламасында ажырасқаннан кейінгі отбасылық қарым-қатынасы туралы айтты. Ол бұрынғы енесін ерекше құрметтейтінін жеткізіп, балаларының әкесіне қатысты ренішін де жасырмады, деп хабарлайды Malim.kz.

Фариза Бекібай бұрынғы қайын жұртымен арадағы сыйластықтың әлі күнге дейін сақталғанын айтты.

"Менің енем – алтын адам. Бұрынғы енем. Шын мәнінде, "мама" ретінде жақсы көремін. Сыйлаймын, құрметтеймін. Сенбі-жексенбі күндері балаларым сол жақта болады. Әкесіне қарағанда сол жақта болады. Сол нәрсе мені алаңдатпайды. Тіпті кейбір кездерде мен түсірілімге кеткен кезде, енеме тастап, қолына ұстатып беріп кетемін. Олармен араластырамын, жақын қарым-қатынастамын. Бұрынғы қайынсіңілдеріммен де жақсы араласамыз. Баяғы сыйластығымыз, қарым-қатынасымыз сақталған", – деді актриса.

Сұхбат барысында өнер иесі бұрынғы жұбайына қатысты әлеуметтік желіде жазба жариялауына не себеп болғанын да түсіндірді.

"Көп нәрсе жасағаннан кейін әкенің бір қалам алып бермейтіні жаныңа батады. Тіпті осындай аутист баласы бар екенін біле тұра көмектеспейтіні әйелге өте үлкен реніш туғызады, іштегі сұрақтар мазалайды. Соның барлығы сол кезде бұрқ етіп шықты. Ол нәрсені жазамын деп ойлаған жоқпын", – деді Фариза Бекібай.

Фариза Бекібай кім?

Фариза Бекібай – қазақстандық актриса. Ол көпшілікке актер Әбілмансұр Серіковтің бұрынғы жұбайы ретінде де таныс. Екеуінің ортақ балалары бар. Ажырасқаннан кейін Фариза бала тәрбиесімен қатар, шығармашылық жұмысын жалғастырып, кино түсірілімдеріне қатысып жүр.

Өнер иесі бұған дейін әлеуметтік желіде балалардың әкесімен қарым-қатынасы мен алимент мәселесін көтерген. Ол балаларының күнделікті қажеттіліктері мен ем-домына жұмсалатын шығындардың басым бөлігін өзі көтеріп жүргенін мәлімдеген.

Мадина Ізекен
Автордың басқа материалдары