Қазақстандық жолаушы әуе билетін сатып аларда бағытын шатастырып, қатесін байқаған соң 14 минуттан кейін қайтаруға өтініш берген. Алайда 71 мың теңгеден астам ақшасының небәрі 3364 теңгесі қайтарылған. Осындай қателік үшін билет құнының басым бөлігін ұстап қалу заңды ма? Бұл сұраққа адвокат жауап берді, деп Malim.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жолаушы бағытты шатастырып алған
Әлеуметтік желіде әуе билетін қате сатып алып, ақшасының басым бөлігінен айырылған жолаушы туралы жазба тарады.
Ер адам 31 қазанда Ақтаудан Алматыға ұшып келген. 2 қараша күні кешке келесі таңға кері билет алмақ болғанда, Алматы – Ақтау бағытының орнына Ақтау – Алматы рейсін таңдап қойған. Билетке 71 374 теңге төлеген.
Жолаушы қатесін 14 минуттан кейін байқап, билетті қайтаруға өтініш берген.
"Алайда әуе компаниясы 71 374 теңгенің небәрі 3364 теңгесін қайтарды. Қалған 68 010 теңге ұсталып қалды. Досым 3 қараша күні таңертең Ақтауға басқа әуе компаниясының рейсімен, жаңадан билет сатып алып қайтты", – делінген жазбада.
Ол компанияға өтініш жолдап, қайтарылатын соманы қайта қарауды сұраған.
Әуе компаниясы не дейді?
Air Astana өкілдері жолаушы билетті басқа сервис арқылы сатып алғандықтан, сол сервиске жүгінуі керегін айтты.
"Әуе билетін қайтару талаптары сатып алынған тарифтің ережелерімен реттеледі. Билетті қайтару және ақшаны өтеу оны сатып алған жерде жүзеге асырылады", – деп хабарлады компания.
Дегенмен тасымалдаушы 68 010 теңгенің қандай есеппен ұсталғанын және осы жағдай бойынша қайтарылатын соманы қайта қарауға болатынын түсіндірмеген.
Тауарды 14 күн ішінде қайтару ережесі билетке жүре ме?
Қазақстанда сапасы талапқа сай азық-түлікке жатпайтын тауарды 14 күн ішінде айырбастауға немесе қайтаруға мүмкіндік беретін ереже бар. Бұл құқық "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 14-бабында қарастырылған.
Бірақ әуе билетін кәдімгі тауар сияқты қайтаруға бола ма? Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Абзал Қасымжановтың айтуынша, бұл ережені әуе тасымалына автоматты түрде қолдануға болмайды.
"Қазақстанда кез келген әуе билетін сатып алғаннан кейін 24 сағат ішінде тегін қайтаруға болады деген жалпы заң талабы жоқ. Кейбір тауарларды 14 күн ішінде қайтару ережесін де әуе тасымалына автоматты түрде қолдануға болмайды", – деп түсіндірді адвокат.
Заңгердің сөзінше, кейбір әуе компаниялары мен билет сату сервистері қате сатып алынған билетті ақшасын жоғалтпай қайтаруға мүмкіндік береді. Алайда бұл нақты тарифтің шарттарына байланысты.
Сондықтан билетті сатып алғаннан кейін 14 минут ішінде қайтаруға өтініш беру ақшаның толық өтелетініне кепіл болмайды.
Билет құнының 95 пайызын ұстап қалу заңды ма?
Қасымжановтың айтуынша, ұсталған соманың көп болуы өздігінен заң бұзылғанын білдірмейді.
"Жолаушы ұшудан өз еркімен бас тартса, қайтарылатын ақша сатып алынған тарифтің шарттарына байланысты есептеледі. Алайда тарифтің "қайтарылмайтын" деп аталуы сатушыны сол шарттарды дұрыс қолдану міндетінен босатпайды", – деді адвокат.
Жолаушы өзіне неліктен тек 3364 теңге қайтарылғанын түсіндіруді талап етуге құқылы.
"68 010 теңгенің барлығын бірден "айыппұл" деуге болмайды. Бұл тарифтің қайтарылмайтын бөлігі немесе бірнеше ұсталымның жиынтығы болуы мүмкін", – деп атап өтті Қасымжанов.
Сондықтан заңгер билет құнының толық есебін сұратуға кеңес береді. Онда әуе тасымалының бағасы, салықтар мен алымдар және ақшаның қандай негізде ұсталғаны көрсетілуі керек.
Бағытты жолаушының өзі шатастырса ше?
Егер жолаушы бағытты өзі қате таңдап, сатушы билетті сол тапсырысқа сәйкес рәсімдесе, ақша міндетті түрде толық қайтарылады деп күтуге болмайды.
Ал қатені сатушы жіберсе немесе билет рәсімдеу кезінде техникалық ақау болса, қайтару тәртібі өзгеше болуы мүмкін.
"Тасымалдау құжаттарының қате рәсімделуі билетті мәжбүрлі түрде қайтаруға негіз болатын жағдай ретінде бөлек қарастырылған. Бірақ жолаушының бағыт таңдаудағы өз қателігін қосымша тексерместен сатушының рәсімдеу қатесіне теңестіруге болмайды", – деп түсіндірді адвокат.
Осы себепті билет, тапсырысты растау құжаты, скриншоттар және қолдау қызметімен жазысқан хаттарды сақтап қойған жөн.
Қайтарылмайтын билеттің ақшасын қашан алуға болады?
Қайтарылмайтын тариф жолаушы сапардан өз еркімен бас тартқан жағдайда қолданылады. Дегенмен заңнама мен әуе тасымалы ережелерінде мұндай билеттің ақшасын да қайтаруға негіз болатын жағдайлар қарастырылған.
Мәселен, авиация туралы заңға сәйкес, әуе компаниясының кінәсінен рейс мәртебесі өзгеріп, кідіріс бес сағаттан асса және жолаушы ұсынылған ұшудан бас тартса, билет құны толық қайтарылады.
"Броньдалған орынды ұсына алмау, бір билетпен рәсімделген сапарда келесі рейске ауысып отыруды қамтамасыз етпеу, тасымалдау құжаттарын қате рәсімдеу де мәжбүрлі қайтаруға негіз болады. Сондай-ақ жолаушының немесе онымен бірге сапарға шығатын отбасы мүшесінің медициналық құжаттармен расталған ауруы не қайтыс болуы да осы негіздерге жатады", – деді Қасымжанов.
Алайда адвокат барлық жағдайда билет құны толық қайтарылмайтынын ескертті. Өтелетін сома сапардан бас тарту себебі мен нақты жағдайға байланысты анықталады.
Ақшаны кім қайтаруы керек?
Заңгердің түсіндіруінше, әуе компаниясы тасымал мен өз тарифтеріне, ал билет сату сервисі тапсырысты рәсімдеу мен қайтару өтінішін өңдеуге жауап береді.
Билет бөлек сервис арқылы сатып алынса, алдымен сол жерге жүгінген дұрыс.
"Бірақ дау туындаса, екі тарапқа да жазбаша өтініш жолдауға кеңес беремін. Ақшаны ұстап қалу туралы шешімді кім қабылдағанын, соманы кім ұстағанын және оның қалай есептелгенін көрсетуді талап ету керек. Жауапкершілікті тек төлемнің қай қосымша арқылы жасалғанына қарап анықтауға болмайды", – деп түсіндірді адвокат.
Мәселе шешілмесе, қайда жүгінуге болады?
Қасымжанов алдымен жазбаша наразылық жолдап, билет сатып алынған сәтте қолданыста болған тариф шарттарын және ұсталған соманың есебін сұратуға кеңес береді.
Компания мәселені шешпесе, жолаушы eOtinish арқылы Азаматтық авиация комитетіне немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік органға жүгіне алады.
Ал компания қайтарылатын соманы қате есептесе, тариф шектеулерін алдын ала хабарламаса немесе билетті клиенттің тапсырысына сай рәсімдемесе, сотқа жүгінуге негіз болуы мүмкін.
"Талап арыз дайындағанда сотқа дейінгі арнайы наразылық білдіру тәртібін сақтау маңызды. Ережелердің 137-тармағына сәйкес, тасымалдаушы талапты толық немесе ішінара қанағаттандырудан бас тартқаннан кейін не наразылық жолданған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жауап бермеген жағдайда сотқа жүгінуге болады", – деді Қасымжанов.
\