Ақын Мұхамеджан Тазабектің қызы әкесінің отбасындағы болмысы туралы жазып, өзінің білім алуы мен шығармашылыққа бет бұруына қалай қолдау көрсеткенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, жұрт әкесін дос, аға, іні ретінде танығанымен, бала тәрбиесіндегі ұстанымын біле бермейді. Осы жолы ол көпшілікке әкесінің өзіне көрсеткен қамқорлығын әңгімелеген.
"Үйдегілердің ішінде әкеме тартып, шығармашылыққа жақын болып өскен – мен. Соңғы жылдары қайда барса да мені қасына ертіп жүр. Ортасын көремін, жұмысына араласамын, өмірді әкемнің жанында жүріп үйреніп келемін", – деп жазды ол.
Ақынның қызы әкесінің қыз балаға шектеу қоймай, талабын қолдағанын жеткізді. Ел аралап, тіл меңгеруіне, білімін жетілдіріп, өз жолын табуына да әкесі жағдай жасаған.
"Қызсың ғой" деген сөзді әкемнен бір рет те естіген емеспін. Керісінше, көзқарасым кең болсын деп талай елді көрсетті, тіл үйренуіме себепкер болды, білімім мен дамуым үшін ештеңесін аяған емес", – дейді ақынның қызы.
Жазбада әкесінің күнделікті тірлікте де қызына түсіністікпен қарайтыны айтылған. Ол тапсырған жазбаны уақытында жарияламай қалса да, ыстық шайдың орнына салқын су әкелсе де, әкесінің қабақ шытпағанын еске алған. Қызының сөзінше, әкесі оның еркелігін көтеріп, қателескен сәттерінде де сабыр танытады.
Мұхамеджан Тазабек кім?
Мұхамеджан Оразбайұлы Тазабек – айтыскер ақын, медиаменеджер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1975 жылғы 3 шілдеде Жамбыл облысы Байзақ ауданының Шахан ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Өнерге жас кезінен араласып, көпшілікке айтыс арқылы танылды. Республикалық және халықаралық жыр додаларында жеңімпаз, жүлдегер атанған. Айтыстағы ұстазы – ақын Айтмұхаммед Исақов. 1996 жылы "Жамбылдың жастық шағы" фильмінде басты рөлді сомдаған.
Кейін телевизия саласына бет бұрып, "Асыл арна" телеарнасының негізін қалады. Ұзақ жыл арнаның бас директоры қызметін атқарды. Телеарна кейін "Talim TV" атауымен жұмысын жалғастырды. Жеке сайтындағы мәлімет бойынша, Мұхамеджан Тазабек оны 2024 жылға дейін басқарған.
1998 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын алған. 2014 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы беріліп, 2021 жылы "Парасат" орденімен марапатталған. Қазір әлеуметтік желілерде отбасы, бала тәрбиесі, қарым-қатынас пен тұлғалық даму туралы ой бөліседі. Үйленген, төрт қыз бен екі ұлдың әкесі.