Malim.kz
MALIMet

Бір сөреге қоя салмаңыз: тоңазытқышта қандай тағамдарды бірге сақтамаған дұрыс?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Тоңазытқыштағы көкөнісіңіз тез солып, сары майдан бөтен иіс шыға ма? Мұның себебі өнімнің сапасына ғана емес, оның жанында қандай тағам тұрғанына да байланысты болуы мүмкін. Ал шикі етті дұрыс орналастырмау басқа асқа бактерия түсуіне әкелуі ықтимал. Malim.kz тілшісі АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы – FDA ұсынымдарына және университеттердің тағам сақтау жөніндегі кеңестеріне сүйеніп, өнімдерді қалай орналастырған дұрыс екенін түсіндіреді.

Шикі ет пен дайын тағам

Шикі етті, тауықты және балықты піскен ас, салат, ірімшік немесе жеуге дайын жемістермен жанастырып сақтамаған жөн. Негізгі қауіп – шикі өнімнің сөлі басқа тағамға ағып, онымен бірге ауру тудыратын микроорганизмдердің таралуы.

Мысалы, ет салынған ашық тәрелкені салаттың үстіңгі сөресіне қоюға болмайды. Сөлі төменге тамса, қайта пісірілмей желінетін тағам ластануы мүмкін.

Қалай сақтаған дұрыс? Шикі ет, құс еті мен балықты сұйықтық өткізбейтін, қақпағы тығыз жабылатын ыдысқа салып, төменгі сөреге орналастырыңыз. Дайын асты бөлек, жабық ыдыста ұстаңыз.

Алма мен жапырақты көкөністер

Алма, алмұрт, шабдалы сияқты кейбір жемістер этилен бөледі. Бұл – жемістің пісуіне қатысатын табиғи газ. Алайда оған сезімтал көкөністердің жанында жиналса, олардың сапасы тезірек төмендеуі мүмкін.

Сондықтан алма мен алмұртты салат жапырағы, саумалдық, брокколи және қырыққабатпен бір жәшікке араластырып салмаған дұрыс. Тоңазытқыштың салқындығы бұл әсерді толық жоймайды.

Қалай сақтаған дұрыс? Жемістер мен көкөністерді бөлек жәшіктерге бөліңіз. Бір ғана жәшік болса, этилен бөлетін жемістерді сезімтал көкөністерден мүмкіндігінше алшақ орналастырыңыз.

Алма мен алмұртты қияр, сәбізден де бөлек ұстаңыз

Жеміс пен көкөністі бір жәшікке сыйғызу ыңғайлы көрінгенімен, олардың сақтау талабы бірдей емес. Қияр мен сәбіз де этиленге сезімтал өнімдер қатарына кіреді.

Сондықтан алма немесе піскен алмұртты қияр мен сәбіздің арасына салып қою олардың сапасын ұзақ сақтауға көмектеспейді. Мұнда әңгіме тағамдардың бір-бірін "уландыруында" емес, сақталу кезінде сапасының өзгеруінде.

Қалай сақтаған дұрыс? Алма мен алмұртты жемістерге арналған бөлікке, қияр мен сәбізді көкөністерге арналған бөлікке салыңыз. Жемістер мен этиленге сезімтал көкөністерді бөлек ұстау туралы ұсынымды университет мамандарының нұсқаулығынан оқуға болады.

Сары май мен иісі өткір тағамдар

Таңғы асқа алған сары майдан пияздың немесе балықтың иісі шыққан кездер болады. Сары май өзге өнімдердің иісін тез сіңіретіндіктен, оны ашық күйінде иісі өткір тағамдардың жанына қоймаған жөн.

Әсіресе кесілген пиязды, балықты немесе хош иісі күшті дайын асты қақпақсыз қалдыру тоңазытқыштағы басқа өнімдердің дәміне әсер етуі мүмкін. Мұндай иіс сіңуі өздігінен тағамның қауіпті болғанын білдірмейді, бірақ оның дәмін бұзады.

Қалай сақтаған дұрыс? Сары майды өз орамасында қалдырып, ашылған бөлігін қақпағы бар майсауытқа салыңыз. Иісі өткір тағамдарды да бөлек жабық ыдыста ұстаңыз. Клемсон университеті сары майдың дәмін сақтау үшін оны тығыз орап немесе жабық ыдысқа салуды ұсынады.

Тоңазытқышты дұрыс толтырудың да маңызы бар

Өнімдерді бөлек орналастырумен қатар, тоңазытқыштың температурасын да бақылау қажет. FDA оны +4°C-тан асырмауды ұсынады. Сөрелерді лық толтырсаңыз, суық ауаның айналуына кедергі келуі мүмкін.

Піскен асты үлкен қазанымен ұзақ уақыт үстелде қалдырмай, шағын әрі таяз ыдыстарға бөліп, тоңазытқышқа салған дұрыс. Тоңазыту қажет тағам бөлме температурасында екі сағаттан артық тұрмауы керек. Ауа температурасы +32°C-тан жоғары болса, бұл уақыт бір сағатқа дейін қысқарады.

Бір тоңазытқышта түрлі тағамды сақтауға болады. Ең бастысы – шикі өнімнің сөлін басқа асқа тигізбеу, дайын тағамды жабық ұстау және жеміс пен көкөністі сақтау ерекшелігіне қарай бөлу. Осындай қарапайым тәртіп тағамның дәмін сақтап, ысырапты азайтуға көмектеседі.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары