Malim.kz
Оқиға

Бір стақан ішімдік бермегені үшін: ықпалды саясаткердің ұлына қандай үкім шықты?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Кеште ішімдік құюдан бас тартқан әйелді бұрынғы министрдің ұлы атып өлтірген. Алғашқы сот оны ақтағанымен, іс мұнымен аяқталмады, деп хабарлайды Malim.kz. Қоғам наразылығын тудырған оқиғаның қалай өрбігенін The Indian Express жазды.

Қайғылы оқиға 1999 жылғы сәуірде мейрамханадағы жеке кеште болған. Сол түні барда қонақтарға қызмет көрсетіп жүрген 34 жастағы модельден бір ер адам ішімдік сұрайды. Алайда бар жабылғандықтан, әйел оның өтінішін орындамайды.

Бұған ашуланған қонақ қару қолданып, әйелді атып өлтірген. Кейін оның бұрын министр болған ықпалды саясаткердің ұлы екені белгілі болады.

Іс бірнеше жыл қаралған. 2006 жылғы ақпанда бірінші сатыдағы сот айыпталушыны ақтап шыққан. Бұл шешім жұрттың наразылығын туғызып, әділдік талап еткен шерулерге ұласқан.

Сол жылдың желтоқсанында жоғары сот ақтау үкімін өзгертіп, саясаткердің ұлын кісі өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырған. 2010 жылы Жоғарғы сот та осы шешімді күшінде қалдырған.

Алайда оқиғаның жалғасы бар. 2020 жылы сотталған азамат түрмедегі жақсы тәртібі ескеріліп, мерзімінен бұрын босатылған. Ол қамауда шамамен 17 жыл өткізген. Марқұмның сіңлісі бұған дейін оны кешіргенін және босатылуына қарсы емес екенін айтқан.

Бұл оқиға Үндістанның Нью-Дели қаласында болған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары