Белгілі актер Дәурен Айдарқұлов танымал подкастқа қатысып, көпшілік талқылап жүрген "көпәйелділік" тақырыбына байланысты өзінің жеке өмірінен тың мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Сұхбат барысында актер өмірінің бір кезеңінде бір уақытта екі әйелмен қатар некеде болғанын алғаш рет ашық айтты. Оның сөзінше, бірінші әйелімен ресми некеде тұрған, ал екінші әйелімен діни неке арқылы байланысқан.
Айдарқұлов екінші жарымен фильм түсірілімі кезінде танысқанын жеткізді. Ол кезде актер заңды некеде болып, үш баланың әкесі атанған. Актер екінші некеге тұрғаннан кейін ғана бұл жайында бірінші әйелімен ашық сөйлескенін айтты.
"Егер алдын ала ескертіп, болашақта мұндай қадамға баруың мүмкін екенін ашық айтсаң, бәріне жеңілірек тиер еді. Мен ондай қадамға бармадым. Екінші рет үйленемін деп ойламадым да. Осы үшін өзімді кінәлаймын. Бірінші жұбайым маған толық сенді", – деді ол.
Сұхбат барысында Айдарқұлов Қазақстанда көпәйелділікті заңдастыру туралы пікірін де талқылады.
"Көпәйелділікті заңдастыру жайлы ұсынысты естігенмін. Оның да белгілі бір қисыны бар сияқты. Өйткені мұндай жағдайлар қоғамда онсыз да кездеседі, әсіресе тұрмысы жақсы адамдар арасында. Ал ондай некеден туған балалар кейбір әлеуметтік құқықтардан қағылады. Осы тұрғыдан алғанда, ұсыныс белгілі бір дәрежеде әділ көрінді", – деп ойын қорытындылады актер.