Бірі әпкесінің ақылымен кастингке барса, енді бірі ағасымен дуэт айтып, тыңдарманға танылды. Ал кейбірі бала кезінен бірге сахнаға шығып, кейін әрқайсысы өз бағытын таңдады. Қазақстан шоу-бизнесінде туыстық байланысты шығармашылықпен ұштастырған өнерпаздар аз емес. Бұл жолы ән мен продюсерлік салада қатар жүрген жұлдыз бауырларға тоқталамыз, деп хабарлайды Malim.kz.
Кәмшат пен Алтынай Жолдыбаевалар: сахнада да, сән таңдауда да бірге
Кәмшат Жолдыбаеваны жұрт "КешYOU" тобы арқылы таныса, оның сіңлісі Алтынай әншілікпен қатар актерлікке де бет бұрды. Ол "Адасқандар" телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдаған. Алтынайдың айтуынша, кастингке қатысуға кеңес берген – әпкесі. Дегенмен рөлге бекітілгенше бірнеше іріктеуден өткен. Бұған дейін ол Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында үш жыл еңбек еткен.
Әпкелі-сіңлілердің шығармашылық байланысы мұнымен шектелмейді. Кәмшат сахналық киім мен образ таңдағанда Алтынайдың пікіріне жүгінетінін айтқан. Ал сіңлісі танымал әпкесінің есімімен қатар аталуын мақтаныш санайтынын жеткізген.
"Біз үнемі ақылдасып, бір-бірімізді қолдап отырамыз", — деген Кәмшаттың сөзі Brod.kz жариялаған материалда келтірілген. Басылым бұл пікірдің Gakku FM-дегі "Шынымды айтсам" бағдарламасында айтылғанын көрсеткен.
Баян Алагөзова мен Бағым Мұхитденова: ортақ жобаның екі тірегі
Баян Алагөзова мен оның сіңлісі Бағым Мұхитденованың есімі бірқатар музыкалық жобамен байланысты. Баян продюсер, актриса әрі тележүргізуші ретінде танылса, Бағым музыкалық продюсерлікпен, әншілікпен және композиторлықпен айналысады. Олар "КешYOU", Жанар Дуғалова, Ерке Есмахан секілді орындаушылармен жұмыс жасаған.
Көп жыл бойы өзге әншілердің шығармашылығына атсалысқан Бағым 2025 жылы алғашқы авторлық ән кешін өткізді. Сахнада оның шәкірттері мен әріптестері бас қосып, әндерін орындады. Бұл кешті ұйымдастыруға да әпкесі ұйытқы болған.
"Бұл Баян Мақсатқызының идеясы. Мен негізі мүлдем қаламадым. Тіпті ойымда да болған жоқ", – деді Бағым НТК арнасына берген сұхбатында. Осылайша, ұзақ уақыт өзге орындаушылармен жұмыс істеген музыкалық продюсердің өзі кештің басты кейіпкеріне айналды.
Ағайынды Жүгінісовтер: бір сахнадан басталған үш жол
Рүстем, Мирас және Мұхаммедәлі Жүгінісовтер тыңдарманға алғаш ағайынды трио ретінде танылды. Өнерге жақын отбасында өскен бауырлардың әкесі Ербол – хореограф әрі продюсер, анасы Айнұр – актриса. Үшеуі бала кезінен байқауларға қатысып, бірге өнер көрсетті. Кейін жеке шығармашылықтарын да дамыта бастады.
Алайда ортақ сахнадағы алғашқы қадамдар әрқайсысына бірдей оңай болмаған. Мирас "Қызық Times" бағдарламасында топта жүрген кезінде кейбір аға буын өкілдерінің өзіне ән айтуды қоюға кеңес бергенін еске алған. Оның сөзінше, сол уақытта ол көбіне төменгі дауыста ән салған. Соған қарамастан, өнерден қол үзбеген.
Мұхаммедәлі де ағаларымен бірге бастаған жолын жалғастырып келеді. Ол "Время" басылымына берген сұхбатында кішкентайынан бауырларымен, кейін жеке өнер көрсеткенін айтқан. Сол сұхбатта отбасындағы кенже бауыры Альтаирдың да бұрын бірге сахнаға шыққаны, кейін футболға ден қойғаны сөз болады. Демек, Жүгінісовтер әулетіндегі өнерлі бауырлар көпшілік таныған триомен ғана шектелмейді.
Ағайынды Беделхандар: биден басталып, "Ордаға" ұласқан жол
Ерболат пен Есболат Беделхандарды көпшілік "Орда" тобы арқылы біледі. Бірақ ұжымның қалыптасу тарихында олардың бауыры Жанболаттың да орны бар. Ерболаттың айтуынша, үш ағайынды 1999 жылы Астанада биші болып жұмыс істеген. Кейін "Бауыржан шоу" театрының шақыртуымен Алматыға келіп, сол ортада әншілікке бет бұрған.
"Сол театрға келген соң ән салдық", – деп еске алған Ерболат Orda.kz тілшісіне берген сұхбатында. Театрда олардың жолы тағы бір өнерлі әулеттің өкілдері – Дастан және Рүстем Оразбековтермен түйіскен. Кейін осы шығармашылық ортадан "Орда" қалыптасты.
"Кеш мені", "Белгісіз жан", "Жауап бер" секілді әндерімен есте қалған топта бауырлар ұзақ жыл қатар еңбек етті. Ерболат кейін продюсерлік бағытта да танылып, Ninety One жобасының қалыптасуына атсалысты. Осылайша, ағайынды Беделхандардың шығармашылық жолы бір топтың тарихынан асып, қазақстандық поп-музыканың бірнеше кезеңімен сабақтасты.
Қайрат пен Заңғар Нұртас: ағалы-інілі дуэт
Қайрат Нұртастың інісі Заңғар да әншілікке қадам басып, ағасымен бірге "My Universe" әнін орындады. 2018 жылы жарық көрген туынды қазақша және ағылшынша орындалуымен назар аударды. Әнге бейнебаян да түсірілді.
Заңғардың бастапқы мамандығы өнерден бөлек. Ол "Таңшолпан" бағдарламасында Бейжіңде бес жыл оқып, инженер-логист мамандығын алғанын айтқан. Елге оралған соң анасы ән айтып көруге ұсыныс білдірген. Сол сұхбат кезінде Заңғар жеке орындауында екі ән, Қайратпен бірге бір ән шығарғанын жеткізген.
"Қайрат әрқашан да маған қолдау көрсетіп келеді, ешнәрсеге тыйым салған емес", – деді ол "Qazaqstan" арнасының сайтында жарияланған сұхбатта. Заңғар сол кезде өзін толық қалыптасқан әнші деп атауға асықпайтынын да айтқан. Кейін, 2020 жылы оның тағы екі орындаушымен бірге "AIZaBi" атты топ құрғаны хабарланды.