Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты шыққан сот үкіміне пікір білдірді. Ол тағайындалған жазаны жеңілдету мүмкіндігін қарастыру керек деп есептейді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған дейін Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ оған бес жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде сөз сөйлеуге тыйым салынып, Фариза Сабырәлиеваның пайдасына 5 миллион теңге өндіру туралы шешім шыққан.
Гүлзира Айдарбекова актерді жазадан толық босату туралы емес, жаза мерзімін қысқарту жөнінде пікір білдірген.
"Мүмкіндік болса, соншалықты қатыгездік танытпауға да болар ма еді. Ортада бала-шағалары бар шығар. Кісі өлтіріп, ауыр қылмыс жасаған жоқ. Жеңілдеткені дұрыс-ау. Кімнің басынан не өтпейді, ешқайсыңыздың бала-шағаңыздың басына бермесін", – деп жазды продюсер.
Оның айтуынша, екі жылдан астам мерзімнің орнына бір жыл бас бостандығынан айыру да жеткілікті болуы мүмкін.
"Жазасын алу керек, бірақ кішкене жеңілдетіп, 2 жарым жыл емес, 1 жыл да жеткілікті ме дегенім ғой. Ол жақтан түзеліп емес, қаны безер болып, бұзылып келуі де мүмкін ғой", – деді Гүлзира Айдарбекова.
Сонымен қатар продюсер Нұрсұлтан Жақсыгенді жақыннан танымайтынын және оның қандай адам екенін нақты білмейтінін атап өтті.
"Әйтеуір ата-анасы бар, бала-шағасы бар, ешкім жыламаса дегенім ғой", – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Гүлзира Айдарбекова бұл пікірін әлеуметтік желідегі Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты жазбалардың бірінің астына қалдырған.